14 шілдеде өткен кеңейтілген отырыста экономиканың нақты секторын қолдау туралы айта келе, Қасым-Жомарт Тоқаев «біз инвестициялық капитал үшін жаһандық күрестің куәсі болып отырмыз» деп атап өтті.
– 1400-ге жуық ірі шетелдік компаниялардың әрбір екіншісі өз қызметін тоқтатты немесе Ресей нарығынан толықтай шығып кетті. Үкімет олардың Қазақстанға қоныс аударуына қолайлы жағдай жасауы керек. Бұл бізге орташа және жоғары өңделген тауарлар өндірісін арттыруға жақсы мүмкіндіктер береді, - деді Президент.
Сонымен қатар, Тоқаев үкіметке өңдеуші өнеркәсіпте инвестициялық жобалар пулын дайындауды және оны әлеуетті инвесторлармен пысықтауды тапсырғанын еске салды.
– Бұл жұмыс әлі де кездесулер мен жиындар режимінде жүргізілуде. Нақты нәтижелерге келетін болсақ, әлі мақтанатын нәрсе жоқ. Іс жүзінде жаңа жобалар жоқ, - деп атап өтті ол.
– Жобалар бірінші кезекте өңірлерде, жергілікті жерлерде жүзеге асырылады. Сондықтан, оларды қатыстыру, түпкілікті нәтижеге жеткізу туралы әкімдерден талап министрліктердегідей болмақ.
14 шілдеде Нұр-Сұлтанда әкімдердің қатысуымен үкіметтің кеңейтілген отырысы өтті. Онда мемлекет басшысы кейбір министрліктерді сынға алып, министрлер кабинетінің мүшелеріне бірқатар тапсырмалар берді.