Мүтәліп Алтыналмасты сатып алу үшін бес банктен несие алған

Қазақстанның бес коммерциялық банкі алғаш рет бірігіп, 1,5 млрд доллар көлемінде синдикатталған қаржыландыру ұсынды. Қаражат «АК Алтыналмас» АҚ акцияларының бір бөлігін сатып алуға бағытталған. Акциялардың сатып алушысы – Central Asia Resources Holding Ltd. жеке компаниясы.

Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін кәсіпкер Шахмұрат Мүтәліппен байланысты Central Asia Resources Holding компаниясы алтын өндіруші «Алтыналмастың» ірі акционерлерінің қатарына қосылғаны хабарланған.

Синдикатталған қаржы беру банк секторы үшін бұрын-соңды болмаған. Мәмілеге бес қаржы институты қатысты: Halyk Bank, Еуразиялық банк, Alatau City Bank, Банк ЦентрКредит және Bank RBK.

Қаржыландыру нарықтық талаптармен, толық соманы жабатын кепілдік қамтамасыз ету арқылы берілген.

Синдикатталған қаржыландырудың ерекшелігі

Синдикатталған несие – бірнеше банктің ірі қарыз алушыға бірлесіп қаржы беруі. Мұндай тәсіл әр банктің жеке көтеретін тәуекелін азайтып, ірі көлемдегі қаржыландыруды бірнеше қаржы институты арасында бөлуге мүмкіндік береді.

Бұл жолы бес банктің ресурстары біріктіріліп, мәміле толығымен коммерциялық банктердің қатысуымен жүзеге асырылды. Яғни, қаржыландыруға мемлекеттік қаржы институттары тартылмаған.

Halyk Bank мәміленің ұйымдастырушысы ретінде банктер арасындағы жұмысты үйлестіріп, қаржыландыру құрылымын әзірледі.