«Газпромның» мәліметі бойынша, 2025 жылғы 19 қазанда Орынбор газ өңдеу зауытында ұшқышсыз әуе аппараты шабуылы салдарынан апатты жағдай болып, зауыт Қарашығанақ кен орнынан шикізат газ қабылдауды уақытша тоқтатты.
Энергетика министрлігі зауыттың зақымдану сипаты мен жұмысын қалпына келтіру мерзімдері бойынша ақпарат ресейлік тараптан әлі берілмегенін мәлімдеді.
«Қарашығанақ шикізатын өңдеу және мұнай өндіруге ықтимал әсері мәселелері кен пайдаланушыларымен бірлесіп қаралып жатыр. Шығындар мен алдағы шаралар туралы қосымша хабарланады», – деді министрлік өкілдері.
Қарашығанақтан Орынбор газ өңдеу зауытына жылына 8 млрд куб метрден артық газ экспортталады. Бұл кен орнындағы жалпы газ өндірісінің 40%-дан астамын құрайды. Қарашығанақтың шикі газы Орынбор газ өңдеу зауытында өңделеді, содан кейін дайын тауарлық газ қайтадан Қазақстан нарығына жеткізіледі.
KazRosGaz (ҚМГ мен «Газпромның» бірлескен кәсіпорны) KPO-дан жыл сайын шамамен 8 млрд м³ шикі газды 1000 м³ үшін 20 доллар бағамен сатып алады, оны Орынбор газ өңдеу зауытына (ОГӨЗ) дейін жеткізіп, өңдеу процесі үшін ақы төлейді, ал кейін дайын газды QazaqGaz компаниясына 1000 м³ үшін шамамен 60 доллар бағамен қайта сатады.
Қарашығанақтың өз газ өңдеу зауытын (қуаттылығы 4 млрд м³) салу мәселесі үш жылдан бері талқыланып келеді, алайда бүгінге дейін нақты шешім қабылданған жоқ.
Айта кетсек, бұған дейін Қарашығанақтан Орынборға газ құбыры тартылатынын хабарлаған едік. Ресей мен Қазақстан арасында жаңа магистральды газ құбырын салу жөніндегі меморандумға қол қойылды. Құбыр Ресейден Қазақстан аумағына дейін тартылып, елдің солтүстік және орталық аймақтарының энергетикалық қауіпсіздігін күшейтуге бағытталады.
Сонымен қатар Қазақстанның бірінші вице-премьері Роман Скляр Ресейдің «Газпром» компаниясының төрағасы Алексей Миллермен жаңа келісімге қол қойды. Құжатқа сәйкес, 2025 және 2026 жылдары Ресейден Қазақстанға жеткізілетін газ көлемі ұлғаяды.