Елде және әлемде баспана бағасының айтарлықтай өсуіне қарамастан Қазақстанда әлі де айтарлықтай арзан. Қала орталығындағы тұрғын үй құны бойынша елдер рейтингінде, Numbeo мәліметінше, Қазақстан бағасы ең төмен 10 елдің қатарына кіреді, деп хабарлайды finprom.kz.
ҚР-да қала орталығындағы баспананың бір шаршы метрі орташа есеппен 927,2 АҚШ долларын құрайды. Бұл 106 елдің ішінде 10-орын. Бір қызығы, ҚР-нан басқа ТМД-ның бірде-бір мемлекеті үздік 10 елдің қатарына енген жоқ. Жалпы, ең арзан баспана біздің республикаға қарағанда әл-ауқаты төмен және дамымаған елдерде болды. Осылайша, рейтингте алғашқы үштікке Пәкістан (шаршы метрі 585 доллар), Египет (618,2 доллар) және Венесуэла (672,1 доллар) кірді.
ТМД-ның басқа елдерінің ішінде Қазақстаннан басқа ең жайлы баға Молдовада (шаршы метрі 1 047,9 доллар) және Өзбекстанда (1 083 доллар). Екі елде де халықтың табысы Қазақстанға қарағанда айтарлықтай төмен. Сондай-ақ тұрғын үй Қазақстанға қарағанда Украинада* (шаршы метрі 1181,9 доллар), Әзірбайжанда (1306,6 доллар), Беларусьте (1629,1 доллар), Арменияда (2228,1 доллар) және Ресейде (3258,2 АҚШ доллар) қымбат болды. Ресей рейтингте 76-орында.
Ең қымбат үй Оңтүстік Корея, Сингапур және Гонконгта.
ҚР-да тұрғын үй арзан ғана емес, сонымен қатар тұрғындарға салыстырмалы түрде қолжетімді. Біз қарастырылып отырған 106 елдегі «таза» (салықтан кейінгі) айлық жалақыға қала орталығындағы тұрғын үй сатып алу мүмкіндігін салыстырдық. Бір қызығы, үй бағасы ең арзан елдердің ешқайсысы қолжетімділік рейтингінде алдыңғы қатарда емес.
ҚР-ның позициясы бұл рейтингте де жақсы және ТМД елдерінің ішінде ең үздік. Қазақстан 106 елдің ішінде қолжетімділік бойынша 31-ші орында. Республикада орташа «таза» жалақыға қала орталығынан орташа есеппен 0,45 шаршы метр сатып алуға болады. Қазақстандағы көрсеткіштерге жақын көрсеткіштер (яғни салықтарды төлегеннен кейін орташа жалақыға шамамен 0,5 шаршы метр алуға болатын) дамыған елдердің қатарында Жаңа Зеландия, Ұлыбритания, Испания, Финляндия, Канада, Швейцария және т.б. бар.
ҚР-нан ТМД елдері арасында жеткілікті жақсы қолжетімділік көрсеткіштерін тек Молдова көрсетіп отыр. Онда таза жалақыға қала ортасынан 0,38 шаршы метр үй алуға болады. ТМД елдері арасында ең нашар көрсеткіш Арменияда (бар болғаны 0,21 шаршы метр), ал жалпы қарастырылып отырған елдер арасында Қытайда (0,11 шаршы метр), Шри-Ланкада (0,1 шаршы метр) және Гонконгта (тек қана 0,09 шаршы метр) байқалады.
Сонымен қатар, орташа «таза» жалақыны бәрі бірдей ала бермейтінін ескеру керек. Қазақстанда тұрғын үйге аса мұқтаж әлеуметтік жағынан осал адамдар көп (1,2). Бұл жағдайда мемлекеттік бағдарламалар көмекке келеді.
Жалпы алғанда, ҚР-да мемлекеттік тұрғын үй бағдарламалары, бір жағынан, халықтың жылжымайтын мүлікке сұранысын қамтамасыз етсе, екінші жағынан, тұрғын үй құрылысының дамуы мен өсуіне әсер етеді. Осылайша, Қазақстанда 2015 жылы «Нұрлы жер» бағдарламасы (негізгі оператор – «Отбасы Банкі») іске қосылғаннан кейін тұрғын үй құрылысының қарқынды өсуі және тиісінше, БҰҰ-ның Тұрақты даму мақсаттарында көзделген урбанизацияның дамуы басталды. Сол кезде пайдалануға берілген тұрғын үй алаңдарының өсімі жылына 18,9%-ды құрап, 8,9 млн шаршы метрге дейін жетті.
Сонымен қатар, дағдарысқа, соның ішінде санкцияларға, коронавирусқа және басқаларға қарамастан, ҚР-да тұрғын үй құрылысы өсу қарқыны сақталып отыр. Мысалы, 2021 жылы 17,1 млн шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 2020 жылмен салыстырғанда 11,4% артық. Тіпті 2020 жылғы «коронадағдарыста» да 16,7% өсім болып, 15,3 млн шаршы метрге дейін жеткен.
Осылайша, мемлекеттік бағдарламалар тұрғын үй құрылысы нарығының драйвері бола отырып, сонымен бірге тұрғын үйге қолжетімділіктің белгілі бір деңгейін ұстап тұруға көмектеседі. Айта кетейік, Numbeo рейтингінде үй бағасының тұрақты қымбаттауына қарамастан Қазақстан әлемдегі үй бағасы ең арзан елдердің бірі, сонымен қатар баспананың қолжетімділігі де жоғары. Негізі тұрғын үй бағасының күрт өсуі әлемдік тренд екенін және Қазақстан да бұдан тыс қалмағанын ескерсек, бұл таңқаларлық емес.
Айтпақшы, құрылыс материалдарының қымбаттауы, жалпы инфляцияның өсуі қазір бүкіл елде байқалады. Мәселен, биылғы жылдың бірінші тоқсанында Қазақстанда жаңа тұрғын үй бағасы былтырғыдан 16,8% қымбаттады. Осы кезеңде Қазақстанда жылдық инфляция 9,8%-ды құрады.
Салыстыру үшін: 11,2% инфляциямен ЕО-ның табысты елдерінің бірі Чехияда тұрғын үй бағасының өсуі 18,1%, ал Словакияда инфляция 9,3% болса, тұрғын үй бағасының өсуі 15,4%-ға жетті. Америка Құрама Штаттарында инфляция 8%-ды құрады, тұрғын үй бағасы 10,9% өсті, ал Түркияда инфляция айтарлықтай 54,8%-ды құрап, тұрғын үй бірден 30,3% қымбаттады.
Қазіргі жағдайда ҚР-да тұрғын үй салыстырмалы түрде арзан және салыстырмалы түрде қолжетімді болып қалуы таңқаларлық емес.