Қазақстандағы микроқаржы ұйымдарының таза пайдасы 2026 жылдың бірінші тоқсанында өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 42,7% азайып, 17,4 млрд теңгені құрады. Сонымен қатар елдегі МҚҰ-лардың үштен біріне жуығы шығынмен жұмыс істеп отыр.
Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің (ҚНРДА) мәліметінше, бірінші тоқсан қорытындысы бойынша микроқаржы ұйымдарының таза пайдасы 17,4 млрд теңге болған. Бұл өткен жылдың осы кезеңімен салыстырғанда 42,7% төмен.
Агенттік мұндай төмендеуді екі микроқаржы ұйымының банкке айналуымен және МҚҰ-лардың сақтандыру комиссияларын 10%-бен шектеу талабымен байланыстырды.
Ал Ұлттық банктің статистикасына сәйкес, 1 сәуірдегі жағдай бойынша Қазақстандағы 212 микроқаржы ұйымының 63-і шығынмен жұмыс істеген. Бір жыл ішінде шығынды ұйымдардың саны 8-ге артқан.
Соған қарамастан, микроқаржы ұйымдарының активтері жыл басынан бері 1,3% өсіп, 1,7 трлн теңгеге жетті.