Премьер-Министрінің орынбасары – қаржы министрі Ерұлан Жамаубаев ҚР экономикасын жаңғырту мәселелері жөніндегі мемлекеттік комиссия жанындағы мемлекет меншігінен шығару және жекешелендіру мәселелері жөніндегі жұмыс тобының кезекті отырысын өткізді.

Жекешелендірудің кешенді жоспарына жаңа нысандарды енгізу туралы ұлттық экономика вице-министрі Бауыржан Омарбеков баяндады. Барлығы 67 нысан жекешелендіруге ұсынылған. Алайда ол ұйымдардың бірнеше нысаны сатылып, кейбірі таратылып, басқалары сенімгерлік басқаруға берілді. Осыған байланысты бүгінгі таңда 59 ұйымды Жекешелендіру жоспарына енгізу ұсынылып отыр.

Сонымен қатар Б. Омарбеков коммуналдық меншік объектілерін Кешенді жоспардан алып тастау туралы мәлімдеді. Әкімдіктердің бастамасымен Жекешелендірудің кешенді жоспарынан шығаруға ұсынылған 20 нысанның тізімі жасалған.

Кеңес соңында Ерұлан Жамаубаев мемлекеттік органдар мен ұйымдарға бірқатар тиісті тапсырма берді.

Кеңеске мемлекеттік және жергілікті органдар, «Атамекен» ҰКП, «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ, «ҚазМұнайГаз» ҰК» АҚ, «QazaqGaz» ҰК» АҚ, «KEGOC» АҚ, «Эйр Астана» АҚ, «QAZAQ AIR» АҚ, «Қазақтелеком» АҚ, «Қазатомөнеркәсіп» ҰАК» АҚ өкілдері қатысты.