2023 жылы білім беруге жұмсалған шығын Қазақстанның республикалық бюджетінің барлық шығыстарының 6,0%-ын құрады, 2022 жылы бұл көрсеткіш 11,1%-ды құрады. Бір жылда білім беру шығындарының көлемі 35% төмендеді: 2023 жылы 1,3 трлн теңге, 2022 жылы 2,0 трлн теңге, деп хабарлайды Экономикалық зерттеулер институты.
«2023 жылы шығынның жартысынан сәл астамы – білім беруге жұмсалған барлық шығындардың 54,8%-ы – бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімге, 34,6%-ы – жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімге, 2,2%-ы – мектепке дейінгі тәрбиеге және даярлау, 1,5 % – мамандарды қайта даярлау және олардың біліктілігін арттыру, 1,4 % – техникалық және кәсіптік, орта білімнен кейінгі білім беру, 5,5 % – білім беру саласындағы басқа да қызметтер», – делінген.
2023 жылы жергілікті бюджет шығынының құрылымында білім беру шығыны 39,3 пайызды құраса, 2022 жылы бұл көрсеткіш 37,6 пайызды құрады. Абсолютті мәнде білім беруге жұмсалған қаражат көлемі 2022 жылмен салыстырғанда 29,2% өсіп, 2023 жылы 5,1 трлн теңгеге жетті. 2022 жылы бұл көрсеткіш 3,9 триллион теңгені құрады.
Өткен жылы білім беруге жұмсалған шығыстардың ең көп үлесі Түркістан облысына – 13,3% (2022 ж. 13,1%), Алматыға – 8,3% (2022 ж. 8,3%) және Алматы облысына – 7,7% (2022 ж. 8,0%) тиесілі. Ең аз үлес Ұлытау – 1,1% (2022 ж. 1,1%), Абай – 2,9% (2022 ж. 2,9%) және Солтүстік Қазақстан – 2,9% (2022 ж. 3,3%) облыстарында тіркелді.