Кеспе және жалпы макарон өнімдері қазақстандықтардың ас мәзірінің маңызды элементі. Сектордағы өнімдердің барлық түрлері көптеген ұлттық тағамдардың негізі, оның ішінде бесбармаққа да пайдаланылады, деп хабарлайды finprom.kz.
Биыл бірінші тоқсанда ҚР-да макарон өнімдерінің өндірісі 39,3 мың тоннаны құрады, бұл өткен жылмен шамалас (0,8% азайған). Негізгі өндіріс Қостанай (6,8 мың тонна, бір жылда 6,9% өскен) және Солтүстік Қазақстан (6,7 мың тонна, 8,9% өскен) облыстарында, сондай-ақ Шымкентте (6,3 мың тонна), Батыс Қазақстан облысында (5,4 мың тонна) және Астанада (5 мың тонна). Осы бес облыстың үлесіне саладағы жалпы өнім көлемінің 77%-ы тиесілі.
Өндірістің шамамен 33%-ы жұмыртқа қосылған макарон өнімдері: 2023 жылдың алғашқы үш айында 12,8 мың тонна өндірілді. Оның ішінде 11,7 мың тоннасы әр түрлі макарон өнімдері, 1 мың тоннадан астамы кеспе. Шығарылған өнімнің тағы 67%-ы, 26,5 мың тоннасы жұмыртқасыз макарон өнімдері.
Жалпы, 2022 жылдың қаңтар-желтоқсан айларында сектордағы өндіріс 166,1 мың тоннаны құрап, 2021 жылмен салыстырғанда 4% өсті. Өндірістің рекордтық көлемі 2020 жылы тіркелді, бұл көрсеткіш бірден 178,9 мың тоннаны құрады.
Айта кетейік, ЕО макарон өнімдерін өндірушілер ұйымы одағының макарон өнімдерін тұтыну бойынша елдер рейтингіне сай, бірінші орында Италия (2021 жылы жан басына шаққанда 23,5 кило), екінші орында Тунис (жан басына шаққанда 17 кило).
ҚР СЖРА Ұлттық статистика бюросының мәліметінше, ҚР-да 2021 жылы макарон өнімдерін (вермишель, спагетти, макарон және рожки) тұтыну жан басына шаққанда 18 килоны құрайды, көрсеткіш Тунистен көп және АҚШ-тан екі есе көп. 2022 жылы тұтыну жан басына шаққанда 17,3 кг өнімге дейін аздап төмендеді, бірақ бұл басқа елдермен салыстырғанда әлі де өте жоғары. Ұлттық тағамның ерекшелігін, лағманның көптігін, бесбармаққа деген құмарлықты ескерсек, бұл таң қаларлық емес.
Айта кетерлігі, саладағы кәсіпкерлерді қолдауды күшейту керек. ҚР-дағы өнімдер айтарлықтай қымбаттауда, бұл республиканың азық-түлік қауіпсіздігіне сөзсіз әсер етеді.
Мәселен, наурыз айының қорытындысы бойынша, макарон өнімдері бір жылда бірден 35,1% қымбаттады. Қазақстандықтар сүйіп ішетін кеспе бағасы 36,2%, вермишель 35%, рожки 33,2% қымбаттады.
Өңірлер бойынша макарон өнімдері ең көп қымбатаған Маңғыстау (бір жылда бірден 52,1% қымбаттаған), Қызылорда (45,8%) және Павлодар (45,6%) облыстары.
Бағаның ең аз өсімі Алматы облысында тіркелді, соның өзі 21,7%.