Бөлшек инвесторлардың қор нарығына инвестиция салуға деген қызығушылығының артуы қазақстандық құнды қағаздардың бағасын көтеріп жатыр, деп хабарлайды Қазақстан қаржыгерлер қауымдастығы.
Қауымдастықтың талдау орталығы 2021 жылдың 9 айының қорытындысын жариялады.
2021 жылдың қаңтар-қыркүйек аралығында KASE мен AIX биржасында жаңадан 108,5 мың инвестициялық есепшот ашылды. Салыстыру үшін айта кетейік, былтыр 12 айда жаңадан 55 мың есепшот ашылып еді.
Осылайша қазіргі таңда елдегі инвестициялық есепшоттар саны 343 мыңға жетті. Соның ішінде 147 мыңы яғни 42%-ы AIX орталық депозитарийіне (AIX CSD) тиесілі.
Қазақстандықтардың қор нарығына деген қызығушылығының артуы банк депозиттерінің пайызының төмендеуі болуы ықтимал. Сонымен қатар мобильді қосымшалардың дамуы және инвестициялық құралдардың әлеуметтік желілер арқылы көптеп жарнамалануы мен зейнетақы жинағын сенімгерлік басқаруға рұқсат етілуі де өз әсерін тигізген болуы тиіс.
AIX и KASE нарығындағы кейбір құралдар қазақстандықтарға дивиденттік табысты санамағанда жылдық 10–120% аралығында табыс әкелді. Мұнай мен уран нарығының көтерілуі де табыстың ұлғаюына ықпал етті.
Нәтижесінде жылдың тоғыз айы қорытындысы бойынша KASE индексі 26,5% өсті. Салыстыру үшін айтар болсақ, осы аралықта Мәскеу биржасы 24,8%, S&P 500 – 14,7% өсті.
Қазақстандық 8 акция мен қазақстандық компаниялардың жаһандық депозитарлық қолхатынан (ЖДҚ) тұратын AIX Qazaq Index («AIXQI») қазан айының ортасына дейін 15,1% өсті.