Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі Қазақстанның жылдам дамып келе жатқан интернет дүкендері инфляцияны күшейтіп отыр және халықтың одан сайын тұтынушылық несие алып, қарызға батуына жағдай жасап отыр деп күдіктенеді, деп жазады Bloomberg.
«Қысқа мерзімді қаржыландырудан алатын комиссия Kaspi.kz АҚ мен «Халық жинақ банкі» АҚ сияқты несие берушілер үшін пайдалы табыс көзіне айналды», — деп жазады басылым. Осы орайда, агенттік баспасөз қызметі ақпаратты Naryk басылымына да растады.
Басылымның хабарлауынша, аталған онлайн дүкендер бөліп төлеу қызметі арқылы және тауар мен қызмет жеткізетін кәсіпкерлермен сөз байласып бағаны көтеруі елде инфляцияны ушықтырып, халықтың несиесін одан сайын көбейтіп отыр.
«Азаматтар тауарды жасырын төлемсіз сатып алуы керек», — дейді Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігінің басшысы Мәдина Әбілқасымова агенттіктің Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігімен бірлесіп қолма-қол ақшамен төлегенде бөліп төлегендегіден арзан баға болатын жаңа ереже дайындап жатқанын айтты.
Айта кетейік, онлайн дүкендердің сауда айналымы 2024 жылдың 1 қыркүйегіндегі жағдай бойынша 2,3 трлн теңгеге (4,5 млрд доллар) бағаланып, өткен жылдан бері 17% өсті. Ал, басылымның жазуынша, Kaspi.kz сатылымының 20-30 пайызға жуығы бөліп төлеу арқылы сатылған тауар мен қызметке тиесілі.
«Бөліп төлеу арқылы сатылғанда кәсіпкерлер бағаға 5%-22% аралығында қосады», — деген Әбілқасымова аталған үстеменің бөлшек саудадағы жылдық тиімді сыйақы мөлшерлемеден аспауы керектігін айтты.«Кез келген осындай алым немесе кез келген басқа жасырын алымдар белгіленген шек ішінде болуы керек», — деді ол.
Қысқаша айтқанда, аталған екі онлайн дүкеннің кәсіпкерлерден алатын комиссиясы қолма қол сатып алған жағдайда да, бөліп төлеуге алынған жағдайда да жоғары болуы мүмкін.