Қараша – сыртқы нарық үшін де, жергілікті нарық үшін де ыңғайлы ай болды. ҚР Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Әлия Молдабекова валюта нарығындағы ахуал, Ұлттық қордың инвестициялық кірісі мен БЖЗҚ қаражатын инвестициялау туралы айтып берді.
– Әлия Мейірбекқызы, өткен айда АҚШ ФРЖ риторикасы айтарлықтай өзгерді. Бұл әлемдік қаржы нарықтарындағы жағдайға және біздің валюта нарығымызға қалай әсер етті?
– Өткен айда АҚШ ФРЖ ашық нарықтар жөніндегі комитетінің кейбір мүшелері инфляцияның тұрақты түрде бәсеңдеуі кезінде пайыздық мөлшерлеменің төмендеу циклі басталуы мүмкін екенін мәлімдеді. Мұндай риторика статистикалық деректермен бірге доллардың DXY индексін 3%-ға әлсіретті. АҚШ-тағы жылдық инфляция 3,7%-дан 3,2%-ға дейін төмендеп, жұмыссыздық деңгейі 3,8%-дан 3,9%-ға дейін өсті. Жұмыссыздық бойынша жәрдемақы алуға берілген өтінімдер саны 210 000-нан 217 000-ға дейін өсті. Ал талдаушылар мұндай өзгерісті күткен жоқ.
Осыған байланысты қараша айы Американың қор нарығы үшін соңғы бір жарым жыл ішіндегі ең жақсы айлардың бірі болды. S&P 500 индексі бір айда 4193,80 тармақтан 4567,8 тармаққа дейін ұлғайып, 8,9%-ға артты. Ал MSCI World акцияларының жаһандық индексі осы кезеңде 9,2%-ға өсті.
Оң ахуал бүкіл қаржы нарығына әсер етіп, VIX қорқыныш индексі 28,8%-ға төмендеді. Бұл тәуекелсіз активтерге де әсер етті: осылайша АҚШ-тың екі жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілік индексі 8%-ға, ал он жылдық қазынашылық облигацияларының кірістілік индексі 12,3%-ға төмендеді.
Қараша айы дамушы экономикалар үшін қолайлы ай болды. Өткен айда дамушы елдер валюталарының индексі 2%-ға өсті. Осы кезеңде теңге 458,24-ке дейін 2,4%-ға нығайды. Бұл нығаю салық төлеу кезеңімен байланысты болды. Алдыңғы кезеңдермен салыстырғанда, қазан-қараша айларында орташадан жоғары болған депозиттерді долларландыру деңгейінің төмендеуі мен Ұлттық қордан сату көлемі де теңгеге қолдау көрсетті. Бұл ҚазМұнайГаз акцияларын сатып алуға байланысты. Бұл ретте жыл басынан бері валюталық интервенциялар жүргізілген жоқ.
Қараша айында мұнай нарығында ОПЕК+ кездесуін күту және оны кейінге ауыстыру аясында жоғары құбылмалылық байқалды. Мұнай экспорты мен өндіру көлемін ерікті түрде төмендетуге қатысты ОПЕК+шешіміне қарамастан, қараша айының қорытындысы бойынша Brent маркалы мұнай баррелінің бағасы 5,2%-ға төмендеді. Мұнай өндіруді ерікті түрде қысқарту туралы мәлімдемелер нарықты сендіре алмады. Ал талдаушылар сұраныс төмендеген және АҚШ тарапынан өндіру артқан кезде ОПЕК+ қабылдаған уағдаластықтар жеткіліксіз деп санайды. Осыған байланысты желтоқсан айының басында мұнай бағасы барреліне 74 доллардан төмен түсті.
– Өткен айда алтын-валюта резервтері қалай өзгерді?
– Қараша айының қорытындысы бойынша, алдын ала мәліметтерге сәйкес, АВР көлемі 34,1 млрд долларды құрап, бір айда 131 млн долларға ұлғайды. «Алтын» бағасын белгілеудегі өсім оң фактор болды. Яғни қараша айында алтын бағасы бір унция үшін 1998 доллардан 2038 долларға дейін өсті. Бұл ретте бағалы металл бағасының өсуі әлемдегі геосаяси жағдайдың күрт нашарлауына, атап айтқанда, Таяу Шығыстағы қақтығыстарға байланысты орын алды.
Алтын бағасының көтерілуінен болған әсер 750 млн доллардан астам мемлекеттік борышты төлеумен теңестірілді.
– Сыртқы нарықтарға келер болсақ, Сіз қараша айы көптеген активтер сыныптары үшін де оң болғанын атап өттіңіз. Бұл Ұлттық қордың кірістілігіне қалай әсер етті?
– Алдын ала деректерге сәйкес, Ұлттық қордағы валюталық активтердің көлемі өткен айда шамамен 2,3 млрд АҚШ долларына ұлғайып, қараша айының соңында 58,6 млрд АҚШ долларын құрады. Жалпы, осы жылдың алғашқы 11 айында Ұлттық қорда 4,4 млрд АҚШ доллары мөлшерінде оң инвестициялық табыс қалыптасты.
Қараша айы инвесторлардың ФРЖ жақын арада өзінің ақша-кредит саясатын жеңілдете бастайды деген сенімінен туындаған оптимизмінің өсуі аясында қаржы нарықтарының қалпына келуімен ерекшеленді. Осылайша, күз мезгілінің басында барлық актив кластарында жаппай сатылымға алып келген ФРЖ-ның мөлшерлеме жөніндегі «higher for longer» тезисі АҚШ-та инфляцияның әлсіреу белгілері пайда болғаннан кейін нарықта өз басымдығынан айырылды. Осылайша, акциялар, облигациялар, сондай-ақ алтын нарықтарындағы ралли Ұлттық қордың қараша айындағы инвестициялық кірісіне оң әсер етті. Ол осы жылдың басынан бергі ең жақсы айда шамамен 2,5 млрд АҚШ долларын құрады.
Қараша айында Ұлттық қордан республикалық бюджетке бөлінген трансферттер 237,3 млрд теңге болды. Бұдан басқа, Ұлттық қорға республикалық бюджетті қаржыландыру үшін Қазмұнайгаз ұлттық компаниясының 550 млрд теңге сомасындағы акциялары сатып алынды. Аталған операцияларды іске асыру мақсатында ішкі валюта нарығында 1,3 млрд АҚШ долларына шетел валютасы біркелкі сатылды.
Қараша айында Ұлттық қордағы валюталық активтердің шамамен 1,1 млрд АҚШ долларға өсуіне валюталық түсімдер қосымша фактор болды. Олар мұнай-газ секторы компанияларының салық төлемдеріне байланысты айтарлықтай өсті.
– Соңғы уақытта инфрақұрылымдық жобаларға БЖЗҚ-дан 1,5 трлн теңге бөлу туралы жаңалық көп айтылып жүр. Оның қаншалықты қауіпсіз екенін және салымшылар үшін қандай пайда әкелетінін түсіндіріп беріңізші?
– Өздеріңіз білесіздер, жалпы, ақша жұмыс істеуі керек. Әйтпесе, ол инфляциямен құнсызданып кетеді. Осыған байланысты БЖЗҚ-ның зейнетақы активтері алынбайды және жұмсалмайды, бірақ нарықтық жағдайларда шетелдік активтерге, сол сияқты ел ішіндегі активтерге тұрақты түрде инвестицияланып отырады. Бұл – бүкіл әлемдегі зейнетақы қорлары қолданатын стандартты тәжірибе. Ол инвестициялар салымшылар арасында бөлініп, сол арқылы олардың зейнетақы жинақтарын сақтап, көбейтіп отыратын инвестициялық табыс әкеледі.
Зейнетақы активтерінің ағымдағы көлемі 17,3 трлн теңгені құрайды. Оның шамамен 70%-ы жергілікті нарыққа инвестицияланған. Бұл, негізінен, Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздарына, квазимемлекеттік сектор субъектілерінің және басқа да қазақстандық эмитенттердің бағалы қағаздарына салынған инвестициялар. Зейнетақы активтерінің шамамен 30%-ы шетелдік қаржы нарықтарында дамыған және дамушы елдердің мемлекеттік бағалы қағаздары, инвестициялық деңгейдегі корпоративтік облигациялар және жаһандық акциялар сияқты активтердің негізгі сыныптарына инвестицияланған. Осылайша, БЖЗҚ Қазақстан экономикасына ірі институционалдық инвестор болып табылады және осыған байланысты мұндай инвестицияларды дұрыс жағынан қабылдау қажет. Өйткені қазақстандықтардың ақшасы, бірінші кезекте, біздің экономикамызға жұмыс істеуге тиіс. Бұл салымшылардың зейнетақы жинақтарына тұрақты инвестициялық кіріс алуды ғана емес, сонымен бірге елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына да ықпал етеді. Мәселен, 2023 жылдың 11 айында БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша инвестициялық табыс 1 279,4 млрд теңгені құрады.
2023-2024 жылдары БЖЗҚ зейнетақы активтері бойынша еркін өтімділіктің бір бөлігін «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ мен «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ квазимемлекеттік компанияларының облигацияларына инвестициялау жоспарланып отыр. Олар Қазақстанның тәуелсіз рейтингтерімен салыстырылатын «ВВВ» деңгейіндегі халықаралық рейтингтік агенттіктердің жоғары рейтингтік бағалары бар сенімді эмитенттер болып табылады. Егер инвестициялау тетігі туралы айтатын болсақ, онда «Бәйтерек» ҰБХ» АҚ және «Самұрық-Қазына» ҰӘҚ» АҚ нарықтық шарттарда облигациялар шығарады, ал БЖЗҚ осы бағалы қағаздарға қаражат салады. Бұл тетік толығымен ашық тетік болып табылады. Облигациялар Қазақстанның қор биржасында орналастырылады, оған БЖЗҚ-дан басқа барлық мүдделі инвесторлар қатыса алады. Өз кезегінде, квазимемлекеттік компаниялардың өздері оларды өңдеу өнеркәсібіндегі және экономика үшін маңызды басқа да салалардағы ірі жобаларды қаржыландыруға бағыттайды.
– Қаржы нарықтарындағы перспективалар туралы айтып берсеңіз?
– Нарықтардағы белгісіздіктің негізгі аспектісі – геосаяси жағдай. Тұрақсыз инфляциямен қамтамасыз етілген жаһандық рецессия тәуекелдері сақталып келеді.
Нарықтың оң күтулеріне қарамастан, ФРЖ төрағасы Джером Пауэлл шектеулі ақша-кредит саясатын ұстануды жалғастыруда. Бұл ретте ол ФРЖ мөлшерлемесінің бұдан әрі өсуін жоққа шығармайды. Мұнай бағасының динамикасы бойынша сарапшылардың күтулері алдыңғы айдағы болжамдармен салыстырғанда, негізінен, өзгеріссіз қалды. Мысалы, Goldman Sachs өз болжамын 2023 жылғы бағаны барреліне 83 АҚШ доллары деңгейінде сақтап қалды. АҚШ Энергетика министрлігі барреліне 84 АҚШ долларын қалдырып, 2023 жылға арналған болжамды айтарлықтай өзгерткен жоқ.