Жұмыссыздық деңгейі – бұл кез келген ел экономикасындағы маңызды көрсеткіштердің бірі. Ол қоғамдағы экономикалық ахуалдың бір аспектісін көрсетеді және халықтың әл-ауқатына тікелей байланысты. Жұмыссыздық деңгейінің экономикаға қалай әсер ететіні жайлы Jusan Invest қарапайым мысалдармен түсіндіріп көрейік.
Тұтыну шығындардың азаюы:
Жұмыссыздық өскен сайын, адамдардың тұрақты табыс көзі азаяды. Нәтижесінде тауарларды сатып алу деңгейі де түседі. Бұл өнімдерін сатуға ниетті бизнес үшін сұраныстың азаюына әкеледі.
Өндіріс көлемінің төмендеуі:
Жұмыссыздықтың артуы кәсіпорындардың өндіріс қарқынын төмендетуге мәжбүр етеді. Себебі сұраныстың төмендеуі өндірушілерді жұмыс көлемін азайтуға итермелейді.
Мемлекеттік шығындардың өсуі:
Жұмыссыздық деңгейі көтерілген кезде, үкімет жұмыссыздық бойынша жәрдемақы, әлеуметтік төлемдер және қайта даярлау бағдарламаларына көп қаржы жұмсауға мәжбүр. Бұл бюджет тапшылығына себеп болады.
Психологиялық және әлеуметтік салдарлар:
Жұмыссыздық адамдарға психологиялық қысым түсіреді, олардың өмір сүру деңгейі төмендейді және әлеуметтік тұрақсыздыққа әкелуі мүмкін. Бұл, өз кезегінде, қоғамдағы қылмыс деңгейінің көтерілуіне ықпал етуі мүмкін.
Инфляциялық қысым:
Жұмыссыздық ұзақ мерзімге созылған жағдайда, экономикада өндіріс көлемінің төмендеуі инфляциялық қысымға әкелуі мүмкін. Өндіріс төмендеген сайын, ұсыныс сұраныстан аз болады, бұл бағаның өсуіне себеп болады.
Жұмыссыздықтың жоғары деңгейі экономика үшін теріс фактор болғанымен, кейде жұмыссыздықтың артуы нарық үшін қалыпты жағдай саналады. Өйткені бұл нарықтың икемділігі мен өзгерістерге бейімділігін көрсетеді.
Осы арнада біз Америкадағы жұмыссыздық деңгейіне қатысты статистикалық деректер жариялап отырамыз. Соған қарап, инвестиция жасауға қатысты шешім қабылдауға болады.