2023 жылы қаңтар-қазанда автокөлік және темір жол құрылысына негізгі капиталға салынған инвестиция 274,1 млрд теңгеге жетті, бұл былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда бірден 42,5% артық.
Инвестициялардың басым бөлігі жол құрылысына жұмсалды: 226,1 млрд теңге, жылдық өсім 23,4%. Оның ішінде автокөлік жолдары мен автомагистраль құрылысына күрделі салымдар 170,6 млрд теңгені, халықаралық және республикалық маңызы бар жалпыға ортақ пайдаланылатын автокөлік жолдарын салу, реконструкциялау жөндеуді, ақылы қозғалысты және күтіп ұстауды ұйымдастыру жөніндегі қызметке инвестиция 55,5 млрд теңге болды.
Бір жыл бұрын 9,1 млрд теңге ғана болса, темір жол мен метро құрылысына 48 млрд теңгені инвестицияланды. Жылдық өсім 5,3 есе.
Өңірлер бойынша жол құрылысына инвестиция ең көп көлемі Қарағанды облысында тіркелді: былтыр 5,9 млрд теңге болса, биыл 62 млрд теңге. Өсім – 10,6 есе.
Екінші және үшінші орында Жетісу (58 млрд теңге) мен Батыс Қазақстан (33,7 млрд теңге) облыстары. Салаға ең аз қаражат Ұлытау облысында құйылған: бір жыл бұрынғы 455,2 млн теңге болса, биыл 96,3 млн теңге ғана.
Көлік министрінің айтуынша, еліміздегі жолдарды күтіп ұстауға жыл сайын 60 млрд теңге көлемінде қаржы қажет, деп хабарлайды zakon.kz. Бюджетке түсетін салмақты азайту үшін ақылы жолдар кезең-кезеңімен енгізілуде. Бүгінгі таңда 3,2 мың км жолға ақылы жүйе енгізілді. 11 айда 26 млрд теңгеден астам ақша түскен. Келесі жылы ҚР-да қосымша 1,2 мың км жол ақылы болады.
«„ҚазАвтоЖол“ ҰК» АҚ жылдық есебіне сәйкес, 2022 жылы республикалық маңызы бар автокөлік жолдарын жөндеуге және күтіп ұстауға 113,6 млрд теңге бөлінді, былтыр 95,8 млрд теңге болған. Қаражаттың игерілуі 100%. Бөлінген қаражат аясында күрделі және орташа жөндеу жұмыстарымен 157 нысан қамтылды (45 – күрделі жөндеу, 112 – орташа жөндеу). 1079,4 км жол пайдалануға берілді.