Сыбайлақыстыққа қатысты сараптама жасалып, оның алдын алуға жіті көңіл бөліне бастады. «Нұр-Сұлтан» Олимпиадалық даярлау орталығы жемқорлыққа қарсы күресті одан сайын күшейтті. ҚР МСМ Спорт және дене шынықтыру істері комитетіне қарасты мекеме былтыр арнайы ішкі құжат дайындады. Оның негізінде сыйбайластыққа әкелуі мүмкін жағдайлар анықталып, оған қарсы тұрудың механизмі жасалды. Құжаттағы нұсқамамен барлық қызметкер танысып шықты.
Бұған қоса, Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі департаменті мамандары тұрақты негізде мекеме ұжымымен кездесіп, әртүрлі форматтағы жиналыстар өткізеді. Оның барысында саладағы жауапкершілік сөз болады. Бұған қоса, заңды белшесінен басқандарға қарастырылған жаза да айтылады. Мекеме қызметкерлері көкейде жүрген сұрақтарын қойып, тиісті жауаптарын алып жүр. Жиналыс еркін үлгіде ұйымдастырылады.
«Нұр-Сұлтан» Олимпиадалық даярлау орталығы бірер жыл бұрын есеп айырысудың заманауи нұсқасына көшті. Яғни, іссапар ақысы спортшы мен бапкердің шотына емес, қызмет көрсетушіге жіберіледі. Орталықтағы мемлекеттік сатып алу шаралары ашық және жариялы ұйымдастырылады. Тиісті ақпаратты кез келген адам сайтымыздан көре алады. Бұған қоса, жаңа мамандар қызметке байқау арқылы ғана қабылданады. Оған қатысты деректер де біздің Орталық пен Спорт және денешынықтыру істері комитетінің сайтында жарияланады.
«Жемқорлықтың барлық түрімен ымырасыз күрес – мемлекетіміздің одан әрі дамуының басымдығы. Парақорлық, тамыр-таныстық, қоңырау шалу арқылы мәселе шешу және тағы басқа келеңсіздіктер жылдар бойы азаматтардың мемлекеттік институттарға деген сеніміне селкеу түсіргенін білесіздер. Осы орайда халықтың әділдікке деген үміті азая бастады. Сондықтан менің сайлау алдында берген уәделерімнің бірі жемқорлықты түбірімен жойғанша ымырасыз күрес жүргізу болды» - деді Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев жуырда ғана Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің басшылық құрамымен кеңес өткізу барысында. Сондытан, жемқорлықпен күрес – баршаға ортақ міндет.
Аслан Қаженов, «Нұр-Сұлтан» Олимпиадалық даярлау орталығы маркетинг бөлімінің қызметкері