Орта білім беруді қаржыландыру тек соңғы 5 жылдың өзінде 2 еседен астам немесе 2 трлн-нан 4,5 трлн теңгеге дейін ұлғайтылды, деді Әлихан Смайылов Аманат партиясы депутаттарына.
Осы мақсатта «Жайлы мектеп» ұлттық жобасын іске асыру басталды. Жоба аясында 369 мектеп салынады.
Бұдан басқа, Білім беру инфрақұрылымын қолдау қоры құрылды. Осы қорда сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-шаралар шеңберінде мемлекетке қайтарылған қаражат жинақталады. Бүгінгі күні Қорға 120 млрд теңге түсті. Оның 97 млрд теңгесі 62 мектеп салуға жұмсалды.
Жоғары білім берудің қолжетімділігін қамтамасыз ету үшін жыл сайын отандық университеттерде білім беру гранттарының санын арттырудамыз.
Биыл бөлінген 88 мың гранттың 73 мыңы (бакалавриат) биылғы мектеп түлектеріне берілді.
Ертеңнен бастап 380 мыңнан астам студенттің стипендиясы өседі. Тек соңғы 3 жылда 1 студентке жұмсалатын шығыстар орта есеппен 420 мыңнан 1 млн теңгеге дейін өсті.
Студенттерді жатақханалармен қамтамасыз ету де маңызды мәселе. 2020 жылдан бастап жыл сайын жатақханаларда 10 мың орын пайдалануға беріледі. Жатақханалар құрылысын мемлекеттік субсидиялау бағдарламасы шеңберінде қазірдің өзінде 99 жатақхана пайдалануға берілді. Жыл соңына дейін тағы 32-сі ашылады деп жоспарлануда.
Бұл ретте 1 қыркүйектен бастап халықтың әлеуметтік осал топтарының жекелеген санаттарынан шыққан, басқа қаладан келген студенттерге жатақханада тұру шығындары өтелетін болады.
Жаңа оқу жылынан бастап жоғары оқу орындарының профессор-оқытушылар құрамының жалақысы 20% артады.