Қазақстан 2027–2029 жылдары жекеменшік балабақшаларды лицензиялауды енгізуді жоспарлап отыр, бірақ нақты мерзімі әлі талқылануда. Бұл туралы Білім министрлігінің басшысы Ғани Бейсембаев мәлімдеді.
Мәжілісте журналистер министрден балабақшаларды лицензиялау мүмкіндігін сұрады.
«Біз қазір талқылауды бастаймыз. Түрлі ұсыныстар бар. Бір тарап 2029 жылға, екіншісі 2027 жылға шегеруді ұсынып отыр. Дайындыққа қанша уақыт кететінін нақты анықтау маңызды. Біз бұл мәселені депутаттармен және сарапшылармен талқылап, лицензиялау қай жылдан бастап басталатынын және барлық балабақшаларды дайындауға қанша уақыт кететінін шешеміз», - деп түсіндірді Бейсембаев.
Сондай-ақ Білім министрлігі басшысы Қазақстандағы жекеменшік балабақшалардың саны мемлекеттік балабақшалардың санына жақындап қалғанын, сондықтан лицензия беру мәселесіне «сақтықпен» қарау керектігін айтты.
«Егер қаңтар айынан бастап лицензиялауды дереу енгізетін болсақ, жаңа талаптар түсінбеушілік пен резонанс тудыруы мүмкін. Біз жан-жақты талқылап, барлық аспектілерді зерделеп, барлығына қолайлы шешім қабылдауымыз керек», - деді министр.