2021 жылы кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алғанда бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы 231 476 теңгені құрады. 2020 жылға қарағанда ол 17,7%, нақты көріністе 9%-ға өсті.
2020 жылмен салыстырғанда кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды ескергендегі орташа айлық жалақының ең көп өсуі денсаулық сақтау және халыққа әлеуметтік көмек көрсету саласында байқалды – 29,7%-ға, білім беру саласында – 24,1%-ға, қаржы және сақтандыру қызметінде – 21,1%-ға, өзге де қызмет түрлерін ұсыну саласында – 21,2%-ға.
Салалық құрылымда ең жоғары атаулы жалақы тау-кен өндіру өнеркәсібінде және карьерлерді қазуда – 477,1 мың теңге (орташа республикалық деңгейден 2,1 есе жоғары), қаржы және сақтандыру қызметінде – 437,1 мың теңге (1,9 есе), ақпарат және байланыс қызметінде – 330,1 мың теңге (1,4 есе), кәсіби, ғылыми және техникалық қызметте – 305,8 мың теңге (тиісінше 1,3 есе).
Кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алғанда орташа айлық атаулы жалақының төмен деңгейі ауыл, орман және балық шаруашылығы салаларында – 135 430 теңге және өнер, ойын-сауық және демалыс салаларында – 155 524 теңге.
Өңірлер бөлінісінде ең жоғары орташа айлық жалақы кәсіпкерлік қызметпен айналысатын шағын кәсіпорындарды есепке алғанда Атырау облысында 379 901 теңге болып шықты. Шымкент қаласында – оның шамасы 170 397 теңгені құрады, бұл ел бойынша орташа деңгейден 26,4%-ға төмен.
Естеріңізге сала кетейік, өңірлер бойынша шағын кәсіпорындарды есепке алмағандағы орташа айлық атаулы жалақы мөлшері 2021 жылы 250 311 теңгені құрады.
Бюро пайдаланатын орташа айлық жалақыны есептеу әдістемесі Халықаралық еңбек ұйымының стандарттары мен әдіснамасына сәйкес келеді. Орташа айлық жалақы туралы деректер кәсіпорындардың тоқсан сайынғы және жылдық статистикалық есептілігі негізінде есептеледі. Бір қызметкердің орташа айлық атаулы жалақысы қосымша ақыларды, үстемақыларды, сыйақыларды, сондай-ақ салықтармен басқа да ұсталымдарды (табыс салығы, міндетті зейнетақы жарналарын) есепке ала отырып қалыптастырылады.