Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 0,8%-ға төмендегенімен, жыл басынан бері 17,5% өсіп 2021 жылғы қарашаның соңында 25 790,5 млрд теңгені құрады.
Заңды тұлғалардың депозиттері бір айда 13 066,0 млрд теңгеге дейін 3,6%-ға азайды, жеке тұлғалардың депозиттері 12 724,5 млрд теңгеге дейін 2,1%-ға өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 16 190,4 млрд теңгеге дейін 3,4%-ға азайды, шетел валютасында 9 600,2 млрд теңгеге дейін 3,7%-ға ұлғайды. Долларландыру деңгейі 2021 жылғы қарашаның соңында 37,2% (2020 жылғы желтоқсанда – 37,3%) болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы қарашада 8 040,1 млрд теңгеге дейін 5,6%-ға төмендеді, шетел валютасында – 5 025,9 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 38,5%-ы) төмендеді.
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 150,3 млрд теңгеге дейін 1,1%-ға төмендеді, шетел валютасында 4 574,2 млрд теңгеге дейін 8,3%-ға өсті (жеке тұлғалар депозиттерінің 35,9%-ы).
Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 1,7%-ға төмендеп, 17 860,6 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 441,1 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар – 6 419,5 млрд теңге болды.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылғы қарашада 7,5% (2020 жылғы қарашада – 7,3%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,4% (9,3%) болды.