2023 жылғы қаңтар-қарашада кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет саласындағы негізгі капиталға инвестиция 77,6 млрд теңгеге жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан ақшалай 70,5% көп (ФКИ – 162,2%, нақты өсім 62,2%).
Салыстыру үшін: 2022 жылдың сәйкес кезеңінде секторға салынған инвестиция 45,5 млрд теңгені құрады, бір жылда көрсеткіш 14,7% азайған.
Өңірлер бойынша кәсіптік, ғылыми және техникалық қызмет саласындағы негізгі капиталға салынған инвестицияның ең көп көлемі Алматы қаласына тиесілі: 17,9 млрд теңге – бір жыл бұрынғыдан ақшалай 2 есе көп.
Маңғыстау облысы екінші орында: 17,8 млрд теңге – бір жыл бұрынғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда 8,5 есе көп. Үздік үштікті Астана жапты: 16,1 млрд теңге, жылдық өсім 56,1%. Республика бойынша секторға салынған барлық күрделі салымдардың 66,7%-ы алдыңғы 3 өңірге тиесілі.
Ең төменгі көрсеткіш Солтүстік Қазақстан облысында тіркелді: небәрі 48,2 млн теңге. Одан бөлек Павлодар мен Жетісу облыстарында да көрсеткіш аз.
Кәсіби, ғылыми және техникалық қызмет саласындағы негізгі капиталға салынған инвестицияның барлық дерлік көлемі – 94,8% немесе 73,6 млрд теңге кәсіпорындардың өз қаражаты есебінен қамтамасыз етілді. Жылдық өсім 77,1% құрады.
Банктік емес қарыз қаражаты 2,3 млрд теңге (бір жыл бұрынғыдан 3,2 есе көп), жергілікті бюджет есебінен – 1,4 млрд теңге (жылдық өсім – 3,6 есе), республикалық бюджеттен – 161,3 млн теңге (90,5% азайған), банк несиесі – 169,6 млн теңге (85,8% азайған).