Ұлттық Банктің Төрағасы Ғалымжан Пірматов Egemen Qazaqstan-ға арнайы сұхбат беріп, инфляция бойынша орта мерзімді болжамдар, валюта нарығындағы ахуал, сондай-ақ Ұлттық Банктің базалық мөлшерлемені көтеру факторы және оның экономиканы кредиттеуге әсері туралы әңгімеледі.
– Соңғы уақытта Ұлттық Банк базалық мөлшерлемені екі мәрте көтерді. Ал кейінгі жолы оны өзгеріссіз сақтап қалды. Мұндай шешім қабылдауға не себеп болды?
– Бұл шешім осы жылдың мамыр-маусым айларында жүргізілген болжамдық раундтың қорытындысы негізінде қабылданды. Біз инфляция өсіп, жыл соңына қарай 13-15 пайыз деңгейінде қалыптасады деп болжап отырмыз.
2022 жылғы наурыздан бастап геосаяси жағдайдың шиеленісуінің және Қазақстанның қаржы нарығына қысымның айтарлықтай күшеюінің салдарынан елімізде инфляция үдей түскенін ескерген жөн. Ресей Федерациясына қарсы санкцияларға байланысты жаһандық жеткізілім тізбегіндегі проблемалардың күрделенуі әлемдегі өндіріс құнының қымбаттауына алып келіп отыр. Шешім қабылдағанда біз осы факторлардың барлығын ескереміз.
Орта мерзімді кезеңде инфляцияны бәсеңдету мақсатымен инфляциямен күрес және экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді ескере отырып, біз базалық мөлшерлемені 14 пайыз деңгейінде сақтап қалдық.
Базалық мөлшерлеменің жоғары болуы контрциклдік бюджет саясатымен және сыртқы инфляциялық қысымның әлсіреуімен бірге 2023 жылы инфляцияның 7,5-9,5 пайызға дейін баяулауына ықпал етеді.
– Ал Ресейдің Орталық банкі инфляция мен геосаяси факторларға қарамастан, базалық мөлшерлемені төмендету бағытын ұстанды. Неліктен біздің Ұлттық Банк, керісінше, ақша-кредит саясатын қатайтуды жалғастырып келеді?
– Кейбір сарапшылардың Қазақстан мен Ресей орталық банктерінің базалық мөлшерлемелерін салыстыратыны рас. Ресей банкі биыл ақпан айында негізгі мөлшерлеменің 9,5 пайыздан 20 пайызға дейін – екі есе артуынан кейін экономиканың құлдырауынан болып жатқан дефляциялық процестерді ескере отырып, қаржылық тұрақтылықты қамтамасыз ету үшін оны 9,5 пайызға дейін төмендетті. Сондай-ақ Ресейде бірнеше аптадан бері дефляция байқалып отыр, маусымдық түзетілген инфляция соңғы уақытта межеленген деңгейден айтарлықтай төмен болды, бұл ретте мөлшерелемені қарқынды төмендету – заңды құбылыс.
Ресейдегі жағдайға қарағанда, Қазақстанда рецессия күтілмейді, керісінше, іскерлік белсенділіктің, сұраныстың өсуі жағдайында қосымша фискалдық импульс аясында инфляциялық қысымның одан әрі күшеюі күтіліп отыр. Осы орайда Ресей мен Қазақстандағы базалық мөлшерлемелерді салыстыру дұрыс емес.
– Кейбір сарапшылар базалық мөлшерлеме көтерілсе де, оның айтарлықтай нәтижесі болмады деп санайды. Инфляцияның өсу қарқыны да тез болды. Сонда бұл шара шынымен тиімсіз болып шықты ма?
– Ұлттық Банк инфляциялық таргеттеу режімінде ақша-несие саясатын жүргізе отырып, ортамерзімді перспективада инфляциялық мақсатқа қол жеткізуді көздейді. Макроэкономикада қабылданған шешімдердің бірден нәтиже бермейтінін түсіну керек. Ұлттық Банктің ағымдағы шешімі инфляция бойынша мақсатқа бірден емес, бірнеше айдың көлемінде қол жеткізуге бағытталған.
Ұлттық Банк орта мерзімді нысаналы бағдарлардан болжанатын инфляция траекториясының алшақтығын қысқарту үшін барлық қажетті шараны қабылдап отыр, инфляциялық таргеттеудің мәні де осында.
Әзірге біз ставканы төмендетуге себеп көріп отырған жоқпыз. Мөлшерлеме 2024 жылдың аяғында таргеттелетін диапазонға жақындайтын траекторияға сәйкес инфляция деңгейі азайған жағдайда төмендейді.
– Базалық мөлшерлемені көтеру экономиканы кредиттеу үшін тиімсіз деген пікір бар. Ұлттық Банк экономиканы несиелеу қаншалықты төмендегенін анықтау үшін қандай да бір талдау жасады ма? Статистика бұл туралы не айтады?
– Негізі, экономиканы несиелендіру мәселелері – Қаржылық реттеу және қаржы нарықтарын дамыту Агенттігінің құзыретінде. Ұлттық Банк өз тарапынан 2021 жылдың шілде айынан ақша-кредит саясатын қатаңдату циклін бастады. Егер беріліп жатқан жаңа несиелерді қарастыратын болсаңыз, оның көлемі, әсіресе бизнеске беріліп жатқан несиелер, айтарлықтай қомақты. Мысалға, өткен жылдың өзінде бизнеске берілген жаңа кредиттер 20,3 пайызға өсіп,11,1 трлн теңгеге дейін жетті. Экономикаға берілген несиелердің жалпы көлемі 24,8 пайызға, 19,5 трлн теңгеге дейін өсті. Яғни несиелендіру азайған жоқ. Ал біздің ортақ мақсатымыз – берілетін несиенің санын емес, сапасын арттыру. Есіңізде болса, осыдан жиырма шақты жыл бұрын ел экономикасы қарқынды өсіп, халыққа несие беру үдей түскен. Бірақ одан сапалы нәтиже шыға қойған жоқ.
Ұлттық Банк базалық мөлшерлеме бойынша шешім қабылдағанда инфляциямен күрес пен экономиканың өсуі арасындағы теңгерімді ескере отырып, инфляцияны төмендету бойынша неғұрлым икемді сценарийді таңдады.
– Қазір Ұлттық Банкке қос мандат беру мәселесі көп айтылып жүр. Бұған қатысты ұстанымдарыңыз қандай?
– Ұлттық Банктің құзыретінде инфляцияның мақсатты көрсеткіштеріне қол жеткізуге мүмкіндік бере отырып, экономиканың өсуіне тікелей әсер ететін немесе оны тікелей ынталандыратын тетіктер жоқ.
Әлемдік тәжірибеде, шынымен де, орталық банктердің қос (көп) мандатты қолдану тәжірибесі бар. Алайда бұл инфляциясы бұрыннан төмен әрі тұрақты дамыған елдерге ғана тән. Сондай-ақ көп жағдайда мұндай орталық банктердің басты мақсаты – баға тұрақтылығын сақтау, ал экономикалық өсу (экономикалық саясат) мандаты екінші орында қалады.
Қазір елімізде жоғары инфляция орын алып отырған жағдайда Ұлттық Банктің ақша-кредит саясатын тұрақтандырушы рөлін сақтап қалуы әлдеқайда маңызды.
– Неліктен Ұлттық Банк теңгенің рубльге қатысты тікелей бағамын қалыптастыру мәселесін қарастырмайды?
– Ұлттық Банк ұлттық валюта бағамының еркін өзгермелі қағидаттарын ұстанады.
Маусым айында рубльдің бағасы барлық валютаға, ең алдымен, АҚШ долларына қатысты айтарлықтай нығайды. Осындай нығаю Ресей Федерациясында енгізілген капитал қозғалысын шектеу шаралары, энергия ресурстарын қоса алғанда, негізгі экспорттық тауарлардың жоғары бағалары аясында, импорттың айтарлықтай қысқаруымен бірге орын алды. Бұрын енгізілген валюталық шектеулердің айтарлықтай жеңілдеуіне қарамастан, Ресей рублі мұнай мен газдың жоғары бағасы мен импорттың төмен көлемі аясында нығаюын жалғастырды.
Өз кезегінде, теңгенің Ресей рубліне қатысты айырбас бағамы тікелей қалыптаспайды, ол теңге мен рубльдің долларға қатысты бағамына қарай жекелей қалыптасады. Теңге/рубль нарығы дербес қалыптасу үшін біздің мемлекеттер арасындағы сауда-саттық теңесуі қажет. Ал қазір біздің Ресейден әкелетініміз Ресейге апаратынымыздан әлдеқайда көп және біздің тауар сатушыларымыз өз тауарларын Ресейге сатқанда теңгеге емес, валютаға сатқанды таңдайды. Сондықтан теңгеге деген сұраныс төмен.
Құбылмалы айырбас бағамы саясатын ұстану – теңгерімсіздіктердің жинақталуын болдырмайды және сонымен қатар елдің алтын-валюта резервтерін сақтауға мүмкіндік береді. Сондықтан рубльмен немесе кез келген басқа валютамен паритетке әсер ету мақсатында ұлттық валютаның айырбас бағамы бойынша кез келген амалды жасауға жол берілмейді.
– Доллар бағамы нарық шартына қарай қалыптасып отыр ма және Ұлттық Банк бұған расымен араласпай ма?
– Ұлттық Банк валюталық интервенцияларды және валюта нарығында жүргізілген барлық операция туралы ақпаратты айдың соңында ашып көрсетеді. Ұлттық Банк ішкі валюта нарығында жүргізілген операциялардың көлемін және оларды жүргізу себептерін жариялап отырады. Сонымен қатар теңге бағамының құбылу себептерін де үздіксіз түсіндіріп келеміз.
Бұл ретте қаржылық тұрақтылыққа қауіп-қатерге жол бермеу мақсатында Ұлттық Банк бағамның шамадан тыс құбылмалылығы кезінде валюталық сауда-саттыққа араласу құқығын сақтайды.
Бұған дейін Ұлттық Банктің ресми мәлімдемелерінде айтылғандай, қысқа мерзімді перспективада теңге бағамының құбылмалылығы геосаяси жағдайдың өзгеруіне, ішкі қатысушылардың күтулеріне және әлемдік нарықтардағы жағдайға байланысты болады.
– Қазір әлемде күрделі геосаяси жағдай қалыптасты, жағдай тез өзгеріп жатыр. Реттеуші және тұтастай алғанда біздің қаржы жүйеміз жаңа сынақтарға дайын ба?
– Иә, біз қиын сын-қатерлерге кезігіп отырмыз, бірақ қаржы жүйесі оларға төтеп беріп, қиындықтарды табысты еңсеріп келеді. Атап айтқанда, біз қабылдаған шаралар ақпан айында бүкіл дүние жүзін дүр сілкіндірген оқиғалар кезінде қаржылық тұрақтылықты сақтап қалуға сеп болды.
Болашақта бізді не күтіп тұрғанын қазір ешкім тап басып айта алмайтыны анық, бірақ жағдай біршама тыныш. Біз бәріміз қиындықтар мен тәуекелдерді көріп отырмыз, қаржылық институттарымыз тұрақты. Қазіргі уақытта біздің қаржы жүйемізде не болып жатқанына ерекше алаңдаудың жөні жоқ. Рас, көптеген сынақ, тәуекел бар. Бірақ біз кез келген құбылысқа дайынбыз.
Біз жағдайды үнемі бақылап отырамыз, жаңа санкцияларды, басқа елдердегі шешімдердің экономикамыз бен қаржы жүйемізге әсерін сараптаймыз. Ұлттық Банкте өте білімді әрі білікті мамандар жұмыс істейді және олардың барлығы өз ісіне адал. Қаржылық және баға тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін барлық құрал мен ресурс жеткілікті.
Біз ашық коммуникациялық саясатты ұстануды жалғастырамыз, нарықтың кәсіби қатысушылары не істеп жатқанымызды және оны қалай қамтамасыз етуге тырысып жатқанымызды түсінуі үшін шешімдеріміздің логикасын мейлінше тез ашып көрсетуге тырысамыз. Меніңше, қазіргі жағдайда бұл өте маңызды.