Қазақстандағы ірі инвесторлардың бірі Тимур Турлов жаңа телеком-операторның инфрақұрылымына 1,5 миллиард доллар қаржы жұмсамақшы. Бұл туралы миллиардер журналистермен өткен кездесуде мәлімдеді. Ал, Freedom Telecom жобасына кететін инвестицияның жалпы көлемі 1 триллион теңгеден асады, деп хабарлайды Naryk.kz.
Бұл соманың бір бөлігі Freedom Holding-тің өз қаражаты есебінен қаржыландырылса, қалғанын бөліп төлеу бойынша Қазақстанның Даму банкінен, Азия даму банкі, Еуразиялық даму банкі, Қытай банктері және басқа да қаржы институттарынан алмақшы.
«Біз 5G стандартында ұлттық деңгейде кең ауқымдағы толыққанды желіні жасаймыз. Байланыс барлық жерден ұстап, қаланың барлық аумағын қамтитын болады. Бізде ескі технологияларды қолдануға немесе олардың интерфейсімен байланысты мәселелерді шешуге ұмтылмаймыз. Яғни, біздің ең үлкен мақтанышымыз – бәрін нөлден бастаймыз. Яғни, бірден ең заманауи шешімдерді қабылдаймыз. Ол өзге бәскелестеріміздің 20 жылдан астам уақыт жиналған мұрасы секілді болмайды», – деді Тимур Турлов
Дәл осы Тимур Турлов басқаратын Freedom Holding қазақстандық стартаптарға 136 миллион доллар қаржы салған. Алайда, инвестордың сөзінше, бұл фантастикалық сомма емес. Мәселен, 136 миллион доллар дегеніміз – еліміздегі кез-келген банктің жылдық табысының шамамен 13 пайызы ғана екен.
«Мен венчурлы инвестор емеспін. Мен осы арқылы пайда табуды мақсат етіп қойған емеспін. Біз компанияларды сатып алып, өз экожүйемізге біріктірдік. Өйткені, бізге алдымен экожүйені нығайту керек болды. Қазірдің өзінде қолда бар деректерің әлеуетті зор екенін көріп отырмыз. Әсіресе, егер сіз мемлекеттік және коммерциялық дерекқорларды біріктіре бастасаңыз, маңыздылығы жоғары», – деді Freedom Holding Corp. негізін қалаушы және атқарушы директоры
Әзірге АҚШ-қа ірі инвестиция құю жоспарлап отырмаған Freedom Holding басшысы назарды Қазақстанға жақын елдерге бұрғандай. Активтері мен портфелі өсіп келе жатқан қаржы ұйымы түркі елдерімен байланысты нығайтпақшы. Одан өзге, ірі нарық Қытайды да зерттеуді бастап кеткен көрінеді. Оған дәлел жақында «Қорғас» шекара маңы ынтымақтастық аймағында Freedom Bank бөлімшесін ашуды жоспарлап отыр. Негізгі қаржы нарығы Тәжікстан болмақшы. Өйткені, онда бірде-бір қазақстандық банк жоқ. Сондай-ақ, Freedom Holding БАӘ, Әзірбайжан, Түркия және Тәжікстанның нарықтарына назар аудара отырып, халықаралық экспансия жоспарларынан бас тартпайды.