ERG компанияны сатуға қатысты келіссөздер жайлы ақпаратты жоққа шығарды.
БАҚ-та таралып жатқан әрқилы ақпарат, соның ішінде Джеймс Кэмерон мырзадан сатып алу туралы түскен ұсыныс жайлы жарияланымдарға жауап ретінде ERG Директорлары кеңесінің төрағасы, Бас атқарушы директоры Шухрат Ибрагимов ERG-ді сату жайлы ешбір келіссөздер жүріп жатпағанын, компания басшылығы бизнесті бірізді, орнықты дамыту ұстанымдарына берік екенін нақтылады.
«Бизнесті қалыпты жүргізуде еш өзгеріс жоқ. 2024 жылдың соңында өткен Директорлары кеңесінің отырысында одан ары дамыту, өз кәсіпорындарына инвестиция құюға бағытталған жаңа даму стратегиясын қабылдады. ERG-дің ұзақмерді өсім мен Топтың барлық стейкхолдерлеріне құндылық қалыптастыруға екпін түсіру ұстанымы бұлжымайды», — деп мәлімдеді компанияның баспасөз қызметі.
Бұған дейін америкалық кәсіпкер Джеймс Кэмерон 40 пайызы Қазақстан үкіметіне тиесілі Eurasian Resources Group (ERG) компаниясын 5 млрд долларға сатып алғысы келетіні хабарланған.