5 шілдеде базалық мөлшерлемені 16,75% деңгейінде сақтап қалғаны және Ұлттық банк бір жылға жуық уақыттан бері салыстырмалы түрде қатаң ақша-несие саясатын ұстанып келеді. Бұл саясат қазір өз жемісін де беріп жатыр. Оған жыл басынан бері инфляция деңгейінің 14,6%-ға дейін төмендеуі дәлел бола алады. Ал базалық мөлшерлеменің жоғары деңгейде сақталуына қарсы болып жүрген сарапшылар «жоғары ставка экономикалық өсімді тежейді» деген қисын айтады. Олардың пайымдауынша, жоғары базалық мөлшерлеме банк несиесін де қымбат етеді. Салдарынан бизнес үшін несие қолжетімді болмайды. Кәсіпкер несие алып, кәсібін дөңгелете алмаған соң, экономика да тоқырауға ұшырай бастайды. Алайда қазіргі экономикалық жағдайға қарасақ, қатаң ақша-несие саясатының экономикалық өсімді тежемегенін көреміз.
Бір жылдан бері базалық мөлшерлеме 16,75% болғанда ел экономикасы айтарлықтай өскені байқалады. 2022 жылы қаңтарда 10,25% болған базалық пайыздық мөлшерлеме ақпанда 13,50%-ға көтерілді, содан кейін ұдайы өсіп отырып, жылдың соңында 16,75%-ға жетті. Ал 2022 жылдың қорытындысы бойынша экономика 3,2% өсім көрсетті.
Оның алдында, яғни, 2021 жылдың қорытындысы бойынша, экономикалық өсім 4% болған. Сол жыл бойы базалық мөлшерлеме 9,00-9,75% аралығында сақталған. Тиісінше төмен мөлшерлеме болса да, экономикалық өсім айтарлықтай жоғары болған жоқ. Пандемия жылын есепке алмағанда, 2019 жылы базалық мқлшерлеме 9,00-9,25% аралығында құбылды. Бірақ ЖІӨ өсімі 4,5% болды.
Ал қазір Ұлттық банк біпр жылға жуық уақыттан бері 16,75% межесін сақтап келеді. Жыл басынан бері, бірінші жартыжылдықта ел экономикасы 5,0% өсім көрсеткен. Қарап отырсақ, базалық мөлшерлеме айтарлықтай төмен болған өткен жылдардың экономикалық өсімінен биылғы өсім тәуір екен.
Ұлттық экономика министрлігінің хабарлауынша, соңғы бес айда экономиканың нақты секторы 3,6%-дан 4,8%-ға өскен. Ал қызмет көрсету секторы үшінші ай қатарынан 4,9% деңгейін сақтап тұр. Сонымен қатар былтыр жалпы ішкі өнім 3,1% өскен. 2023 жылы ЖІӨ бойынша өсім 4%-дан асады деп күтіледі. Байқап отырғанымыздай, жоғары базалық мөлшерлеме экономикалық өсімді тежемеген. Маөлшерлеме жоғары болған кезде де экономика тәп-тәуір өсімге ие болыпты. Оның үстіне бұл уақытта (биыл алғашқы жарты жылдықта) әлемдік экономикалық өсімнің бізден төмен, 2-2,5% деңгейінде болғанын да ескерген жөн.
Мәселеге екінші қырынан үңіліп көрейік. Жоғары базалық мөлшерлеме экономикалық өсімді тежесін делік. Ал сол үшін оны төмендетейік. Биыл алғашқы алты ай бедерінде 5% болған экономикалық өсім 7% болсын. Бірақ реалияда біз содан жеңеміз бе? Біржақты «иә» деп жауап беру қиынырақ болады біздіңше. Себебі, базалық ставканың ең басты және бірегей міндеті – қымбатшылықпен күресу. Тым құрығанда баға өсімін баяулату. Төмен базалық мөлшерлеме экономиканы өсіреді, бірақ соның салдарынан инфляция қайта шарықтап кетер болса, онда халықтың табысын инфляция «жеп қоятынын» білеміз. Яғни, халықтың сатып алу қабілеті өзгермейді, мүмкін, тіпті төмендейді. Сондықтан қазіргі 5%-ға қанағат қылмай, «7%-ға жетер едік» деп базалық ставканы төмендету дұрыс болмас еді.
Екіншіден, экономикалық өсімге қолжеткіземіз деп базалық пайыздық мөлшерлемені түсірер болсақ, онда сөзсіз девальвацияға ұрынар едік. Мейлі, экономика шынымен өсті деген күннің өзінде де валютаның құнсыздану процесі бізді айналып өтіп кетпейді. Ал девальвацияның салдары қандай боларын екінің бірі білер деп ойлаймыз, иә, дұрыс бағамдап отырсыз, сатып алатын тауарларымыз бен тұтынатын қызметтеріміз күрт қымбаттап шыға келеді. Ал тауарлар мен қызметтердің қымбаттауы қайтып айналып инфляция тудыратыны айтпаса да түсінікті.
Сондықтан халықтың қалтасына тікелей әсер ете бермейтін экономикалық өсімді инфляцияны баяулатып тұрған жалқы құралдың мөлшерлемесін төмендетіп тәуекел етуге болмайды. Есесіне базалық мөлшерлеме төмендегенде күшейетін инфляция мен девальвация әр тұрғынның қалтасына тікелей әсер етеді.