2024 жылдың қараша айында АҚШ-тағы президент сайлауында Трамптың жеңісінен кейін әлемнің көптеген елдерінің валюталары әлсіреу белгілерін көрсете бастады. Дональд Трамптың жеңісі АҚШ-тың экономикалық және сауда саясатына елеулі өзгерістер әкеледі деген ойларды тудырды. Бұл өзгерістер протекционистік шаралардың күшеюі мен салық реформасын қамтуы мүмкін, соның салдарынан доллар «қауіпсіз айлақ» ретінде тартымды болып отыр, деп жазады EconomyKZ.
Доллардың нығаюының негізгі факторларының бірі – АҚШ Федералдық резерв жүйесінің (ФРЖ) монетарлық саясатына қатысты нарықтық күтулердің өзгеруі. 2024 жылдың желтоқсанында пайыздық мөлшерлемені төмендету болжамдарына қарамастан, АҚШ ФРЖ-ның қазіргі ұстанымдары одан әрі жұмсартудың қажеттілігін жоққа шығарады.
Доллардың нығаюы экспортқа бағытталған экономикаларға, соның ішінде Еуроаймақ пен Азия елдеріне монетарлық саясатын жұмсартуды қажет етеді. Бұл пайыздық айырмашылықтарды арттырып, долларды жаһандық инвесторлар үшін тартымды активке айналдырады, бұл долларға, соның ішінде теңгеге қатысты басқа валюталардың әлсіреуіне әкеледі.
Сыртқы факторлардың әсерінен ең үлкен құлдырау ресей рублінде (-9,30%) және қазақстандық теңгеде (-7,47%) байқалды.
Ресей рублінің құнсыздануына санкциялық қысымның күшеюі ықпал етті, бұл көптеген ресейлік банктерді, оның ішінде газ саудасын жүргізетін Газпромбанкті де қамтыды. Қазақстанның негізгі сауда серіктестерінің бірі ретінде рубль динамикасы теңгеге де әсер етпей қоймады.
Дамушы елдердің басқа валюталары да, мысалы, бразилиялық реал (-4,73%) және уругвайлық песо (-3,81%) әлсіреу көрсетті. Бұл капиталдың дамушы нарықтардан жалпы ауқымды түрде кетіп жатқанын көрсетеді.
Швейцариялық франк, швед және дат крондары әлемдік тұрақсыздыққа қарамастан, салыстырмалы түрде тұрақтылығын сақтап, аз мөлшерде әлсіреді.
Ал Израильдің шекелі (+3,17%) мен британдық фунт (+2,06%) нығайып, жергілікті факторлар мен орталық банктердің тұрақты саясатына қатысты болжамдардың ықпалын көрсеткен болуы мүмкін.