Бұл туралы ҚР Ұлттық Банкі мен «Қазақстан қор биржасы» АҚ-тың бірлескен мәлімдесінде жарияланды. Франкфурттық аукцион форматы таңдалды.
Қазақстандағы негізгі қор алаңы – «Қазақстан қор биржасы» АҚ (KASE). Мұнда бағалы қағаздарды ғана емес, сонымен бірге шетел валютасын, бағалы металдарды, сондай-ақ туынды қаржы құралдарын сатып алуға және сатуға болады. Биржа мынадай биржалық нарықтар қызмет ететін әмбебап алаң болып табылады:
1) «қор» – борыштық және үлестік бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығы;
2) «валюта нарығы» – шетел валюталарының ұйымдастырылған нарығы;
3) «деривативтер» нарығы – туынды қаржы құралдарының ұйымдастырылған нарығы;
4) «ақша» нарығы – репо операциялары (бағалы қағаздар кепілімен қарызға ақша алу).
Бүгін баға белгілеу-бағамдық арақатынас негізінде түрлі мемлекеттердің валюталарын еркін сату және сатып алу бойынша операциялар жүргізілетін валюта биржалары туралы әңгімелейтін боламыз.
Валюта биржасы ең өтімді биржалар санатына жатады. Валюта биржасындағы валюта бағамдарының арақатынасы (баға белгілеулер) көбінесе валюта шығарылған елдердегі экономикалық жағдайға байланысты және валюталардың сатып алу қабілетінің көрінісі болып табылады. Валюта биржаларында белгілі бір ұлттық және шетел валютасының нақты нарықтық бағамын белгілеу процесі жүреді.
Биржада валютамен мәмілелер ашық сауда-саттық режимінде жасалуы мүмкін, онда шетел валютасын сатып алу-сату мәмілелері үздіксіз қарсы аукцион әдісімен (қатысушының өтінімі басқа қатысушылардың қолданыстағы қарсы өтінімдері есебінен сөзсіз және шартсыз қанағаттандырылады), сондай-ақ Франкфурттық аукцион әдісімен жасалады.
Франкфурттық аукцион кесімді бағаны іздеуге негізделген және валютаны сатып алуға және сатуға өтінімдерді қатысушылар белгілі бір уақыт ішінде беретін және осы уақыт аяқталғаннан кейін барлық немесе жекелеген өтінімдерді қанағаттандыру кесімді баға бойынша жүзеге асырылатын сауда-саттықты білдіреді.
Басқа сөзбен айтқанда, франкфурттық аукцион әдісі уақытша лагты көздейді, ол уақыт ішінде нарыққа қатысушылар өздері тиімді және әділ деп санайтын бағалар мен көлемдерде қаржы құралын сатып алу және сатуға өтінімдер бере алады. Бұл кезеңде нарыққа кез келген қатысушы сатып алу және сатуға кез келген өтінімдер санын еркін бере және кері қайтара алады. Аукцион қорытындылары бойынша орташа мөлшерленген бағам ол бойынша аукцион барысында берілген өтінімдердің ең үлкен көлемі қанағаттандырыла алатын баға мәні ретінде белгіленеді.
Осылайша, франкфурттық аукцион тетігі белгілі бір уақытта қаржы құралы бағамының тең салмақты мәнін объективті айқындау құралы болып табылады. Франкфурттық сауда-саттық жүргізу кезінде тек лимиттелген өтінімдер қабылданады. Франкфурттық аукцион әдісі құбылмалылықты (ағылш.volatility) – бағаның асыра өзгермелілігінің алдын алу үшін енгізіледі.
2020 жылғы наурызда KASE жаһандық қаржы нарығындағы құбылмалылықтың өсуіне байланысты франкфурттық аукцион әдісін алғаш рет қолданды. Brent маркалы мұнай бағасы бір күнде 14%-ға және 2020 жылдың басынан бастап 60%-дан астамға төмендеп, барреліне $25-ке жетті. Әлемдік қор және валюта нарығындағы құлдырау жалғасты. Осы жағдайларда ішкі валюта нарығына сыртқы факторлардың тұрақсыздандырушы әсерін шектеу үшін және Қазақстанның қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал көрсету мақсатында Ұлттық Банк Қазақстан қор биржасымен бірлесе отырып 2020 жылғы наурызда франкфурттық аукцион нысанында теңге - доллар валюта жұбы бойынша сауда-саттық өткізу туралы шешім қабылдады. Сол кезде баға бір доллар үшін 393,5 теңге деңгейінде анықталды. Нәтижесінде нарық жаңа жағдайда бір доллар үшін теңге құнының қолайлы деңгейін алды. 2020 жылғы 11 наурызда Ұлттық Банк 15:30-да ресми бағам үшін бір доллар үшін 393,60 теңгені тіркеді, орташа сараланған бағам 17:00-де бір доллар үшін 394-ті құрады.
2022 жылғы 28 ақпанда KASE шетел валютасымен сауда-саттықты франкфурттық аукцион әдісін қолдану арқылы өткізді. Бұл тетік биржалық саудада кеңінен таралған және қаржы құралдарымен сауда-саттықты жабу және ашу аукциондарын өткізу үшін пайдаланылады, жоғары құбылмалылық кезеңінде құралдардың бағасын айқындау тетігі болып табылады.
Қазақстан қор биржасының ақпаратына сәйкес, бүгін 2022 жылғы 1 наурызда, барлық қаржы құралдарымен сауда-саттық штаттық режимде өткізіледі. АҚШ долларымен сауда стандартты ережеге сәйкес Нұр-Сұлтан уақыты бойынша сағат 10:15-17:00 аралығында өтеді.