Ұлттық банк жүргізген сауалнамаға сәйкес, депозитте ақша сақтайтын қазақстандықтардың үлесі ай сайын азайып келеді. Егер бір жыл бұрын респонденттердің 57,6%-ы ақшасын депозитте сақтайтынын айтса, биыл қарашада ондайлардың үлесі 54,4%-ы болды.

Сонымен бірге, 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында депозиттердің танымалдылығының артуы байқалды (шыңы шілдеде болды – 68%), бірақ тамыздан бастап доллар бағамының біртіндеп өсуі аясында тенденциясы төмендей бастады.

Сонымен қатар, бағалы қағаздарға ақша салатын қазақстандықтардың үлесі бір жыл бұрынғы 3,2%-дан қазір 7,6%-ға дейін өскен. 2022 жылдың қарашасында да бағалы қағаздарды ұстаған қазақстандықтардың үлесі 3,2%-ды құрады.

Жылжымайтын мүлікке салынған инвестиция да халық арасында танымалдылықтың артқанын көрсетті. Егер бір жыл бұрын респонденттердің 16,9%-ы тұрғын үйді инвестиция ретінде қарастырса, биыл қарашада – 28,9% болды.

Сондай-ақ қазақстандықтар қолма-қол ақшаны көбірек сақтай бастады – бір жыл бұрын 39,2% және 2022 жылғы қарашада 26,1% болса, қазір 41,7%. 2024 жылдың бірінші жартыжылдығында респонденттердің қолма-қол ақша жинақтарының үлесі 29,9%-ға дейін төмендеді, бірақ кейін тамыз айынан бастап қайтадан өсе бастады.

Сауалнама тек жинақ ақшасы бар 31% респонденттің арасында ғана жүргізілді. Сауалнамаға қатысушылардың 60%-дан астамы артық ақша жоқ екенін айтты.

Сауалнамаға сәйкес, қатысушылардың 35%-дан астамы айына 150-ден 300 мың теңгеге дейін, 25%-ы 300-ден 500 мың теңгеге дейін, 8%-ы 500 мың теңгеден жоғары, ал 26%-ы 150 мың теңгеден төмен жалақы алады.

Респонденттердің жартысынан астамы соңғы бір жылда қаржылық жағдайының өзгермегенін айтса, 21-22 пайызы оның нашарлағанын немесе жақсарғанын атап өтті. Зерттеуге Қазақстанның барлық аймақтарынан 1,5 мың адам қатысты.