Адамдар өздерінің жинақ ақшаларын сақтау, инфляциядан қорғау және молайту үшін оларды әртүрлі инвестициялау құралдарына жұмсайды. Қазіргі уақытта қаржылық қызметтер нарығында артық ақша қаражаттарын инвестициялаудың көптеген әдістері бар. Мысалы: банк депозиттері, депозиттік сертификаттар, бағалы қағаздар, инвестициялық қорлар, асыл металдар, балама инвестициялар (өнер туындылары, антиквариат, коллекциялық автокөліктер және монеталар), жылжымайтын мүліктер және т. б.
Бүгін біз инвестициялаудың екі түрі туралы әңгіме қозғамақпыз. Олар бір қарағанда бір-біріне өте ұқсас секілді, бірақ шын мәнісінде олар бір-біріне мүлдем ұқсамайтын әртүрлі қаржы құралдары және сәйкесінше әрқайсысының тәуекел деңгейі әрқалай. Біз бұл мақалада банк депозиті мен депозиттік сертификатты және олардың негізгі ерекшеліктерін қарастыратын боламыз.
Депозит – салымшының табыс алу мақсатында белгілі бір мерзімге екінші деңгейдегі банкке орналастырған ақшалай қаражаты. Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлердің депозиттерге кепілдік беру жүйесіне қатысушы барлық банктердегі (ислам банктерін қоспағада) депозиттер «Қазақстанның депозиттерге кепілдік беру қоры» АҚ қорғауына алынады және қандай да бір банк лицензиясынан айырылған жағдайда олар бойынша өтем төленеді.
Банктік депозиттік сертификат – бағалы қағаз. Банк оны ұстаушының (иеленушінің) атына шартта белгіленген атаулы бағамен және сыйақы мөлшерлемесімен белгілі бір мерзімге шығарады. Осы мерзім аяқталған соң, банк депозиттік сертификатты өзіне қайта сатып алады. Ал оны уақытша иеленген салымшыға сыйақы төлейді. Енді әрі қарай инвестицияның осы түріне толығырақ тоқталатын боламыз.
Халықаралық тәжірибеде қаржы мекемелері депозиттік сертификатты салымшылардың қаржыларын өзіне тарту үшін пайдаланады. Бұл қаржы құралы АҚШ, Канада[1], Жапония, Қытай секілді мемлекеттерде, сондай-ақ Еуроодақ елдерінде белсене қолданылады. Әдетте халықаралық тәжірибеде қаржы ұйымдары депозиттік сертификаттар бойынша банк салымдарына қарағанда едәуір жоғары сыйақылар ұсынады. Неге? Өйткені бұл қаржы құралының өтімділігі төмен және оған салынған ақшаны мерзімінен бұрын ішінара алуға немесе оған үстіне ақша салуға болмайды.
Бүгінде Қазақсанда 2 банк клиенттерге депозиттік сертификат ұсынады: «Home Credit Bank» АҚ және «Банк ВТБ (Қазақстан)» АҚ ЕҰ. Орналастыру мерзімі: 6 айдан 60 айға дейін. Мөлшерлемесі: банктің ұсынатын талаптарына қарай 16%-дан басталады.
Банктің депозиттік сертификаты банк депозитінен мына қасиеттеріне қарай ерекшеленеді (Қазақстанның тәжірибесінде[2]):
- көтеріңкі табыстылық – банктер көп жағдайда депозиттік сертификаттар бойынша банк салымдарына қарағанда едәуір жоғары табыстылық ұсынады (айырмашылығы 2-5% аралығында);
- мерзімінен бұрын ішінара ақша алу немесе оған қосымша ақша салу мүмкіндігінің жоқтығы – депозиттік сертификатта банк салымына қарағанда мерзімінен бұрын ақша алу мүмкіндігі қарастырылмаған. Ал ҚР АК сәйкес банк депозитті салымшының алғашқы талабы бойынша беруге міндетті;
- тек ұлттық валютада шығарылады – Қазақстанда банктер депозиттік сертификаттарды тек ұлттық валютада шығарады, ал банк салымдарын ұлттық валютада және шетел валютасында ашуға болады;
- сыйақысыз немесе 0% мөлшерлемесі бойынша мерзімінен бұрын шартты бұзу, ал ақша банкке өтініш бергеннен кейін күнтізбелік 30 күннен 90 күнге дейінгі аралықта қайтарылады – депозит бойынша салымшы көп жағдайда ақшасын тез арада қайтарып ала алады, алайда салымның түріне қарай бұл мерзім күнтізбелік 30 күнге дейін созылуы мүмкін (жинақ салым бойынша);
- атаулы құны мен сыйақы мөлшерлемесін банк өзі белгілейді және ол Қор тарапынан реттелмейді – өктем депозиттік саясатты жүргізуге бейім қатысушы банктер үшін Қор жеке тұлғалардың депозиттері бойынша шекті сыйақы мөлшерлемелерін белгілейді;
- банк салымдарына қарағанда сыйақы капиталданбайды – банк салымы шартында өзге талаптар көзделмесе, талап етілмеген сыйақы сомасы сыйақы төленетін салым сомасын ұлғайтады;
- Қор тарапынан кепілдік берілмейді – депозиттік сертификаттар мемлекет тарапынан сақтандырылмаған, сәйкесінше ақшаны қайтара алмай қалу тәуекелі толығымен инвестрдің өзіне жүктеледі.
Жеке тұлғалар мен дара кәсіпкерлер үшін балама инвестициялау құралы ретінде банк депозиті ұсынылады. Оны сенімді инвестициялау құралына жатқызуға болады. Өйткені оған Қор тарапынан кепілдік беріледі. Алайда табыстылығы депозиттік сертификаттан төмен.
Қор кепілдіктері салымның түрі мен валютасына қарай шекті соманы құрайды:
- ұлттық валютадағы жинақ салымдар (депозиттер) бойынша – 20 миллион теңгеден;
- ұлттық валютадағы өзге депозиттер бойынша – 10 миллион теңгеден;
- шетел валютасындағы депозиттер бойынша – 5 миллион теңгеден асырылмайды.
Егер салымшының бір банкте әрқалай валютада әртүрлі бірнеше салымы ашылса, Қор банк лицензиясынан айырылған күнге қарай барлық шоттарда қалған ақшаға, әрбір салым бойынша белгіленген кепілдік сомасын ескере отырып, өтем сомасын есептейді, бірақ салымшыға берілетін жалпы өтем сомасы 20 млн теңгеден асырылмайды.
Сөз соңында еске салғымыз келеді, Қор көтеріңкі тәуекелі бар құралдарға кепілдік бермейді. Осыған байланысты инвесторлар өздерінің ақша қаражаттарын инвестициялауға жауапкершілікпен қарап, дұрыс шешім қабылдаулары тиіс. Ал депозиттік сертификатқа келгенде барлық тәуекелдер өздеріне жүктелетіндігін ескеріп, жоғары табыстылық пен жоғары тәуекел аясында осы қаржы құралының артық және осал тұстарын таразылауы керек.
Тағы бір инвестициялау қағидасын естен шығармау қажет: «жұмыртқалардың барлығын бір себетке салуға болмайды». Барлық жұмсалымдарыңызды әртараптандырыңыздар, сонда тәуекелдерді барынша азайтуға болады.