2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Numbeo денсаулық сақтау рейтингінде 96 елдің ішінде 58-орынға ие болды. Қазақстанның денсаулық сақтау индексі (Health Care Index) 59,89 құрады. Ескерту: индекс неғұрлым жоғары болса, қызмет соғұрлым жақсы деген сөз, деп хабарлайды finprom.kz.
Денсаулық сақтау индексі денсаулық сақтау жүйесінің, медициналық қызметкерлердің, жабдықтардың, персоналдың, дәрігерлердің, қызмет құнының және т.б. жалпы сапасын бағалау. Ол Numbeo сайтына кірушілер арасындағы сауалнама негізінде құрастырылған. Қолданыстағы индексті (әрдайым жаңартылып отырады) жасау үшін соңғы 36 айдағы деректерді пайдаланады. Жартыжылдық индекс жылына екі рет түзетіледі.
Биылғы жылдың бірінші жартыжылдығында Тайвань (ҚХР) 86,04 индексімен көш бастап тұр. Үздік үш елдің қатарына Оңтүстік Корея мен Жапония да кірді, тиісінше 83,04 және 80,52. Мальта ең нашар денсаулық индексіне ие: 38,24. Оның алдында Венесуэла (39,15) және Бангладеш (41,74).
ЕАЭО елдерінің көрсеткіші мынадай: Ресей 59,86 индексімен 59-орында, Армения 55,74 индексімен 72-орында, ал Беларусь төменнен санағанда бесінші орында - 46,14 индексімен 92-орында.
2022 жылдың бірінші жартыжылдығында Қазақстан Республикасында денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге инвестиция көлемі рекордтық 73,7 млрд теңгені құрады, бұл өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда ақшалай түрде 15,2% артық (ФКИ – 112,3%). Бірінші жартыжылдықта денсаулық сақтау және әлеуметтік қызметтерге құйылған инвестиция көлемі 2020 жылы 64,2 млрд теңгені, 2021 жылы 64 млрд теңгені құраған еді.
2021 жылы денсаулық қауіпсіздігінің жаһандық индексі (GHS) рейтингі бойынша Қазақстан 55-орынға тұрақтаған, бірақ ол кезде 195 елдің арасында еді. Ядролық қатерді азайту бастамасы (NTI) және Economist Impact-пен бірлесіп Bloomberg қоғамдық денсаулық мектебіндегі Джонс Хопкинс денсаулық қауіпсіздігі орталығы дайындаған GHS индексі алғаш рет 2019 жылдың қазан айында құрастырылған.
Жаһандық денсаулық қауіпсіздігі индексі жалпыға қолжетімді ақпаратты пайдалана отырып, елдерді 6 санат, 37 көрсеткіш және 171 сұрақ бойынша бағалайды. GHS индексі саяси және қауіпсіздік тәуекелдері, неғұрлым жетілдірілген денсаулық сақтау жүйесі және елдің жаһандық ережелерге сәйкестігі секілді аурудың өршуіне қарсы күресте маңызды өзге де факторлар контекстінде бағалайды.