ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі (Агенттік) 2022 жылғы 29 сәуірде Агенттік Басқармасының «Банк ЦентрКредит» акционерлік қоғамына («БЦК» АҚ)  «Альфа-Банк» Еншілес Банкі» акционерлік қоғамы (Альфа-Банк) банк холдингінің мәртебесін иеленуге келісім беру туралы» № 29 қаулысы қабылданғанын хабарлайды.

Банктер туралы заңның 17-1-бабының талаптарына сәйкес «БЦК» АҚ Агенттікке Альфа-Банк банк холдингі мәртебесін иеленуге келісім алуға өтініш пен құжаттар топтамасын ұсынды. «БЦК» АҚ Альфа-Банктің 100% дауыс беретін акцияларын сатып алуды және Альфа-банктің «БЦК» АҚ-қа қосылуы түрінде кейіннен қайта ұйымдастыруды жоспарлап отыр.


Банктер туралы заңның 8-бабының 1 және 4-тармақтарында банктер басқа қаржы ұйымының акцияларының бақылау пакетін сатып алуы үшін банкте банк холдингінің болуы қажет және банктің басқа заңды тұлғаларға инвестициясының сомасы банктің меншікті капиталының 10%-нан аспауға тиіс екендігі белгіленген.


Банктер туралы заңның 8-бабы 13-тармағының 5) тармақшасына сәйкес Банктер туралы заңның 8-бабының талаптары Қазақстан Республикасының заңнамасында айқындалған тәртіппен біріктіру нысанында қайта ұйымдастыруды жүргізген кезде, басқа банктің акцияларын сатып алуымен байланысты банктерге қолданылмайды.

Банк холдингінің болмауына байланысты «ЦКБ» АҚ-та Банктер туралы заңның 8-бабының 1 және 4-тармақтары бойынша шектеулердің болуына, сондай-ақ басқа заңды тұлғаларға меншікті капиталдан инвестициялар сомасының асып кетуіне байланысты «ЦКБ» АҚ «Альфа-Банктің» «ЦКБ» АҚ-қа қосылуы түрінде кейіннен қайта ұйымдастырыла отырып, Альфа-Банктің акцияларын сатып алу мәмілесін мақұлдау туралы корпоративтік шешімдер қабылдады.

«БЦК» АҚ Директорлар кеңесі Альфа-Банкті «БЦК» АҚ-қа қосу жолымен банктерді қайта ұйымдастыру туралы мәселені акционерлердің жылдық жалпы жиналысының күн тәртібіне енгізу туралы шешім (25.04.2022ж. № 3-0425-01 хаттама) қабылдады, оны 2022 жылғы 20 мамырда өткізу жоспарланып отыр.

Банктер туралы заңның 17-1-бабының 9-тармағына сәйкес мыналар банк холдингі болғысы келетін тұлғаларға келісім беруден бас тартуға негіздер болып табылады:


Өтініш берушінің қаржылық жағдайының тұрақсыз болуы.


Өтініш берушінің банк холдингі мәртебесін алуы нәтижесінде бәсекелестікті қорғау саласындағы Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын бұзуы.


Өтініш берушінің банктің немесе банк холдингінің ірі қатысушысы мәртебесін иеленуінің қаржылық салдарының талдауы банктің қаржылық жай-күйінің нашарлауын ұйғарады.


Банктің қаржылық жай-күйінің ықтимал нашарлауы жағдайында банкті қайта капиталдандырудың ұсынылған жоспарының тиімсіздігі.


Қазіргі уақытта «БЦК» АҚ 147 млрд теңге мөлшерінде меншікті капиталға және 674 млрд теңге  мөлшерінде өтімділігі жоғары активтерге ие. «БЦК» АҚ Альфа-Банктің қосылуын ескерумен 5 жылдық кезеңге Бизнес-жоспар ұсынды, ол «БЦК» АҚ-тың 5 жылдық кезеңде қаржылық жай-күйінің нашарлауын болжамайды.  

Заңнаманың талаптарына сәйкес «БЦК» АҚ тарапынан Альфа-Банктің банк холдингінің мәртебесін иеленуіне келісім алуға бас тартуына негіздер жоқ.


Осыған байланысты, Агенттік «БЦК» АҚ-қа Альфа-Банктің банк холдингі мәртебесін иеленуге келісім беру туралы оң шешім қабылдады.


2022 жылғы 6 сәуірде АҚШ ресейлік банк - Альфа-Банкке қатысты санкцияларды аясын кеңейткенін еске сала кетейік. АҚШ Қаржы министрлігінің Шетелдік активтерді бақылау басқармасының (OFAC) шешімімен банк және оның еншілес ұйымдары, оның ішінде Қазақстанда орналасқандары SDN (Specially Designated Nationals) тізіміне енгізілді. OFAC Альфа-Банкпен мәмілелерді аяқтау мерзімін 2022 жылғы 6 мамырға дейін белгіледі.

Банк акционерлерінің ауысуы Альфа-Банктің кейіннен АҚШ пен бірқатар басқа елдер енгізген санкциялардан шығуына ықпал етеді.

Бұдан басқа, «БЦК» АҚ-тың Альфа-Банктің капиталына кіруі клиенттер алдындағы барлық міндеттемелерді орындау үшін оны қосымша өтімділікпен қолдауға мүмкіндік береді.