2022 жылғы 1 қазандағы жағдай бойынша Орталық депозитарийдің (KCSD) номиналды ұстау жүйесіндегі брокерлік шоттардың саны 573 мыңнан асты, оның ішінде 443 мыңы ұстаушылардың қосалқы шоттарына және 130 мыңы омнибус шот арқылы есепке алынатын жеке шоттарға тиесілі. Өткен жылдың сәйкес көрсеткішімен салыстырғанда, қосалқы шоттар саны екі еседен астам өсті. Естеріңізге сала кетейік, 2022 жылдың 1 қаңтарында қосалқы шоттардың саны шамамен 220 мыңды құрады – бұл қосалқы шоттардың ағымдағы көрсеткішінен екі есе аз.
"Қазақстандықтар брокерлік шот ашу процесін жеңілдетудің нәтижесінде бағалы қағаздар нарығын белсенді игере бастады. Өз кезегінде, бұл қазақстандық брокерлердің жаңа цифрлық қолданбаларының және жеке тұлғаны биометриялық деректер бойынша қашықтықтан сәйкестендірудің нәтижесінде мүмкін болды. Белсенді инвесторлар саны тек өседі деп үміттенеміз", – дейді Орталық депозитарийдің Басқарма төрағасы Адиль Мухамеджанов.
Ұстаушылардың қосалқы шоттары бойынша KCSD деректерінің негізінде жас арақатынасы тұрақты болып қалады. Бұрынғыдай бөлшек инвесторлардың ең көп үлесі 35–54 жастағы (35,6%) топ болып табылады. 25–34 жастағы инвесторлардың үлесі 30,6%, 18–24 жастағы инвесторлардың үлесі – 19,2% құрайды. 55 жастан асқан инвесторлардың үлесі қысқарып келеді (14,5%) . Бөлшек инвесторлардың ең аз саны 18 жасқа дейінгі топ болып табылады. Кәмелетке толмаған азаматтардың атына ашылған брокерлік шоттардың үлесі қосалқы шоттардың жалпы санының 0,1% аспайды.
Гендерлік арақатынас туралы айтатын болсақ, бөлшек инвесторлардың үлесі-ерлер 56,3%, әйелдер үлесі – 43,7% құрап отыр. Сонымен қатар жыл басынан бері брокерлік шот иелері арасындағы әйелдер саны екі есеге жуық өсті.
Алматы (21,8%), Астана (10,7%) және Түркістан облыстары (9%) бұрынғыдай аумақ бойынша көш бастап тұр. Ең аз брокерлік шоттар елдің солтүстігінде, әсіресе Солтүстік Қазақстан облысында (1,5%) ашылды.
Омнибус шоттардың танымалдығы да артып келеді. 2022 жылғы 1 қазандағы Орталық депозитарийдің деректеріне сүйенер болсақ, KCSD депоненттері омнибус шоты арқылы қызмет көрсететін инвесторлар саны 130 мыңға жуық адамды құрады. Бұл тамыз айының басындағы көрсеткіштерден үш есе көп.
"Жыл басынан бері брокерлік лицензиясы бар жекелеген банктер бағалы қағаздар нарығына бөлшек инвесторларды тарту бойынша белсенді жұмыс істей бастады. Бұл омнибус шот арқылы қызмет көрсетілетін инвесторлар санының өсуіне себеп болды. Омнибус шоты брокерлік шоттарды ашу және жүргізу үшін бэк-офис шығындарын оңтайландыруға және қысқартуға мүмкіндік беретінін ескере отырып, банктер KCSD-да өз клиенттеріне қызмет көрсетудің осы әдісін ықыласпен таңдайды", — деп атап өтті Адиль Мухамеджанов.