Сенатор Бекболат Орынбеков әріптестерін Салық кодексіне енгізілген өзгерістермен таныстырды, деп хабарлайды LS.
«Өзгерістер бөлшек сауда салығы бойынша ерекше режимге қатысты. 2023 жылдың 1 қаңтарынан бастап режимді қолдануға, Салық кодексінің бөлшек саудаға қатысты тарауының жұмысын қалпына келтіруге, қоғамдық тамақтану саласы ғана емес, сонымен қатар Үкіметтің қаулысымен белгіленген қызмет түрлерін кеңейтуге қолдануға болады. Бұл ретте бөлшек салықтың қолданылу мерзімі шексіз, бірақ тұрақты болады. Салық мқлшерлемесін 6%-дан 4%-ға төмендету қарастырылған. Мәслихаттарға ставканы 50%-ға, яғни 4%-дан 2%-ға төмендету құқығы берілген», – деді ол.
Сонымен қатар, заңды тұлғаларға тауарларды өткізуден, жұмыстарды орындаудан және қызметтерді көрсетуден түскен табысқа 8%-дық мөлшерлеме белгіленген.
«Осы арнайы режимді қолдану шарттары: қызметкерлердің жалпы орташа саны 200 адамнан аспауы және жылдық табысы - 600 мың АЕК-тен (2 миллиард теңгеден астам) аспауы керек. Мұндай сараланған салық ставкаларын қолдану үшін салық төлеушілер бөлек салық есебін жүргізуі», – деп түсіндірді.
Айта кетейік, Сенат «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» кодекске өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» және «Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы» заңдарды қолданысқа енгізу туралы» заң жобасын екінші оқылымда қабылдады. Құжат президентке қол қоюға жіберілді.
Өз кезегінде «Атамекен» ҰКП президиумының төрағасы Райымбек Баталов бөлшек сауда салығы пандемия кезінде уақытша шара ретінде енгізілгенін еске салды.
«Бұл күнделікті өмірімізге еніп кетті. Енді кәсіпкерлер алған табысына қарамастан, ҚҚС бойынша тіркелудің қажеті жоқ. Бұл бизнесті ақ жолға қоюды жеңілдетеді», – деді ол.
Баталов сонымен қатар бөлшек сауда салығын қолданатын кәсіпкерлер жұмыскерлердің табысынан бір реттік төлем төлей алатынын айтты. Осы салық салынатын қызмет түрлерінің тізбесін үкімет белгілейді. Қазіргі уақытта Ұлттық палата оны кеңейту жұмыстарын жүргізуде.