Резиденттердің депозиттік ұйымдардағы депозиттерінің көлемі бір айда 0,6%-ға азайып, 2021 жылғы тамыздың соңында 25 041,8 млрд теңгені құрады. Дегенмен, бұл бір жыл бұрынғыдан 21,1% көп, деп хабарлайды Ұлттық банк.
Заңды тұлғалардың депозиті бір айда 12 758,5 млрд теңгеге дейін 1,5%-ға төмендеді, жеке тұлғалардың депозиті 12 283,3 млрд теңгеге дейін 0,3%-ға өсті.
Ұлттық валютадағы депозиттердің көлемі бір айда 15 974,5 млрд теңгеге дейін 1,0%-ға төмендеді, шетел валютасында 9 067,3 млрд теңге деңгейінде сақталды. Долларландыру деңгейі 2021 жылғы тамыздың соңында 36,2% (2020 жылғы желтоқсанда – 37,3%) болды.
Заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы депозиттері 2021 жылғы тамызда 7 935,2 млрд теңгеге дейін 2,2%-ға, шетел валютасында – 4 823,3 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға (заңды тұлғалар депозиттерінің 37,8%-ы) азайды.
Жеке тұлғалардың теңгедегі депозиттері 8 039,3 млрд теңгеге дейін 0,2%-ға, шетел валютасында 4 244,0 млрд теңгеге дейін 0,4%-ға өсті (жеке тұлғалар депозиттерінің 34,6%-ы).
Мерзімді депозиттердің көлемі бір айда 0,4%-ға азайып, 17 193,7 млрд теңге болды. Олардың құрылымында ұлттық валютадағы салымдар 11 025,0 млрд теңге, шетел валютасындағы салымдар – 6 168,7 млрд теңге болды.
Банктік емес заңды тұлғалардың ұлттық валютадағы мерзімді депозиттері бойынша орташа алынған сыйақы мөлшерлемесі 2021 жылғы тамызда 7,3% (2020 жылғы тамызда – 7,2%), жеке тұлғалардың депозиттері бойынша – 8,3% (9,8%) болды.