Биыл Ұлттық қорға түскен ақшаның барлығы дерлік жұмсалып кетті

2026 жылдың алғашқы бес айында Қазақстанның Ұлттық қорына мұнай секторынан 1,53 трлн теңге көлемінде тікелей салық түсті. Осы кезеңде қордан республикалық бюджетке кепілдендірілген трансферт ретінде 1,4 трлн теңге алынды.

Осылайша, инвестициялық кірісті есепке алмағанда (оның көлемі әзірге жарияланбаған), Ұлттық қорға таза түсім небәрі шамамен 130 млрд теңгені немесе жалпы түсімнің 8,5%-ын құрады.

Қаржы министрлігінің мәліметінше, түсімдердің ең ірі көзі мұнай компаниялары төлеген корпоративтік табыс салығы болды. Бұл бап бойынша Ұлттық қорға 559,2 млрд теңге түсіп, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 22,5% артқан.

Өнімді бөлу туралы келісімдер аясында Қазақстанның үлесі ретінде қорға тағы 447,8 млрд теңге түсті. Алайда бұл көрсеткіш өткен жылмен салыстырғанда 10,9% төмендеген.

Пайдалы қазбаларды өндіруге салынатын салықтан түскен түсім бір жыл бұрынғы 512,2 млрд теңгеден 266,6 млрд теңгеге дейін азайып, шамамен екі есеге (-48%) қысқарды.

Ал шикі мұнай мен газ конденсатын экспорттауға салынатын ренталық салық керісінше 3% өсіп, 172,3 млрд теңгені құрады.

Мұнай компаниялары төлеген артық пайда салығы Ұлттық қорға 22,3 млрд теңге әкелді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 38,3% аз. Сонымен қатар өнімді бөлу туралы келісімдер бойынша жер қойнауын пайдаланушылардың қосымша төлемдері де қысқарып, 67,3 млрд теңгені құрады.

Бұдан бөлек, мұнай компанияларынан төленген бонустар есебінен қорға 558,3 млн теңге түсті. Сондай-ақ айыппұлдар, өсімпұлдар және басқа да салықтық емес түсімдерден аз көлемде қаражат аударылған.