Биыл Қазақстанда астықтың экспорттық әлеуеті 12 млн тоннаға бағаланса, оның 7-7,5 млн тоннасы бидай, 1,4 млн тоннасы арпа, 300 мың тоннасы жүгері. Майлы дақылдар бойынша әлеует 1 млн тоннадан астам деп бағаланады. Бұл туралы Үкімет отырысында ҚР Сауда және интеграция вице-министрі Қайрат Төребаев мәлім етті.

«Қазақстан Орталық Азия мен Ауғанстан нарығына жеткізуді жалғастырады, бұл шамамен 4,2 млн тонна. Жалпы, Қытайға астық экспорты 2023 жылы 1,43 млн тоннаны құрап, өткен жылмен салыстырғанда 5,5 есе өсті», — деді Қайрат Төребаев.

Үкіметтің баспасөз қызметінің хабарлауынша, Қытайға бидай экспорты айтарлықтай артып, 2023 жылы 538,8 мың тоннаға жетті, бұл бір жыл бұрынғыдан 15 есе дерлік артық.

«Бұл Қытай мен Азия елдеріне бидай жеткізуді 1,6 млн тоннаға дейін арттыру мүмкіндігін көрсетеді. Қытай билігінің талаптарына, сондай-ақ Қытайға қазақстандық астықты әкелуге лицензиялар мен квоталар сияқты күрделі шарттарға байланысты шекарадағы кідіріс мәселесін пысықтау маңызды», — деп қосты Қайрат Төребаев.

Әлемдік сұраныстың артуы және бірқатар елдерде астық көлемінің төмендеуі жағдайында Қазақстан Италия, Латвия, Испания сияқты Еуропалық Одақ елдерінің нарығына қызығушылық танытуда. Түркия мен Таяу Шығыс елдеріне экспорттық әлеуеті 1 млн тоннаға жуық бидайға бағаланады.

«Иран нарығына жеткізілімдерді қалпына келтіру маңызды, біз қазір сауданы қаржыландыру және логистика мәселелерінің динамикасын көреміз; Қазақстандық бидай брендін импорттың өсуі болжанатын Пәкістан, Индонезия, Бразилия, Малайзия сияқты жаңа нарықтарда ілгерілету бойынша жұмыс күшейтілетін болады», — деді Қайрат Төребаев.

Өз кезегінде көлік министрі Марат Қарабаев астық жүктерін белсенді тасымалдау қыркүйек айында басталғанын айтты. Бір айда 1,05 млн тонна астық тасымалданды, бұл өткен жылмен салыстырғанда төрттен біріне жуық артық. Жалпы көлемнің 867 мың тоннасы экспортқа жөнелтілді.

Үкімет мәліметтері бойынша Орталық Азия елдеріне трафик өсімі 28%-ды құрады. Ақтау порты арқылы Иранға жөнелтілімдер қайта жанданды, қыркүйек айындағы көлем 140 мың тоннаны құрады.

Болжамдар бойынша қазан айында жүк тасымалы 1,25 млн тоннаға жетуі мүмкін. Марат Қарабаев жыл соңына дейін қарқын айына 1,2-1,3 млн тонна деңгейінде сақталады деп сендірді. Орталық Азияның экспорттық бағыттарында өткізу қабілетінің қоры бар.