Әлихан Смайылов Үкіметтің тұрғын үй, көлік және туризм инфрақұрылымын жаңғырту жөніндегі шаралары туралы айтты.
Әлихан Смайылов қазақстандықтардың тұрғын үй жағдайын жақсарту үшін 2029 жылға қарай барлық көздер есебінен 111 млн шаршы метр тұрғын үй, оның ішінде, 2023 жылы 15,3 млн шаршы метр баспана салынатынын хабарлады. Сондай-ақ 5 мың шақырым инженерлік желілер жаңғыртылып, жаңа Құрылыс кодексі Мәжіліске енгізіледі деп күтілуде.
Көлік инфрақұрылымы саласында 2025 жылға дейін республикалық жолдардың барлығын жаңғырту және жергілікті жолдардың 95%-ін қалпына келтіру жоспарлануда. Биыл елімізде 3,6 мың шақырым жол құрылыс және күрделі жөндеу жұмыстарымен қамтылып, жыл соңына дейін 856 шақырымы пайдалануға беріледі.
Премьер-Министр былтыр қараша айында «Достық-Мойынты» теміржол учаскесінің екінші жолының құрылысы басталғанын еске салды. Биыл маусым айының соңына дейін «Дарбаза-Мақтаарал», «Алматы станциясының айналма теміржол желісі» және «Бақты-Аягөз» жобалары бойынша техникалық құжаттаманы әзірлеу аяқталады.
Әлихан Смайыловтың айтуынша, Транскаспий халықаралық көлік бағытын дамыту бойынша жұмыстар жүргізіліп жатыр. Былтыр жүк көлемі 2 есеге өсіп, 1,7 млн тоннаға жеткен. Әзербайжан, Түркия және Грузиямен қабылданған Жол карталарын іске асыру нәтижесінде Транскаспий халықаралық көлік дәлізімен биыл 2 млн тонна жүк өткізіледі. Ал 2025 жылға дейін жалпы өткізу қабілеті 10 млн тоннаға дейін көтеріледі.
Туризм саласында құны 290 млрд теңге болатын 100-ден астам инвестициялық жоба іске асырылады және 5,7 мың жаңа жұмыс орындары ашылады.
Әлихан Смайылов ел тұрғындарын электр және жылумен тұрақты қамтамасыз ету бойынша қолға алынған шаралар туралы айтты.
Мәселен, оның айтуынша биыл Атырау, Қарағанды және Павлодар облыстарындағы қуаттылығы 700 МВт-тан асатын электр стансаларын жаңғырту жұмыстары аяқталып, Екібастұз 1-ГРЭС-тегі қуаттылығы 500 МВт №1 энергоблок қалпына келтіріледі.
«Тарифті инвестицияға айырбастау» бағдарламасы аясында Екібастұз 2-ГРЭС-тегі 3-ші және 4-ші блоктарды іске қосу жоспарланған, сондай-ақ Балқаш ЖЭС салу мәселесі бойынша жұмыстар пысықталып жатыр», — деді Премьер-Министр.
Бұдан бөлек, ол оңтүстік өңірлерде аяқталуы 2025-2026 жылдарға жоспарланған газ өндіру бойынша қуаттылығы 2,3 ГВт-тан асатын энергетикалық жобалардың жүзеге асырылып жатқанын, сондай-ақ Алматы және Түркістан қалаларындағы 2-ЖЭО-ына бу-газ қондырғыларын енгізу көзделіп отырғанын айтты.
«Биыл Қызылордада жаңа ЖЭО құрылысы басталды. Көкшетау мен Семей қалаларындағы жылу электр стансалары құрылысын жүргізетін мердігерлерді анықтау үшін конкурс жарияланды», — деді Әлихан Смайылов.
Сонымен қатар Total Energies (Франция), Acwa Power (Сауд Арабиясы) және Masdar (БАӘ) компанияларымен бірлесіп, жалпы қуаты 3 ГВт жаңартылатын энергия көздері бойынша жобаларды жүзеге асыру басталды.
Үкімет басшысы сонымен қатар, АЭС мен шағын модульдік реакторлар құрылысы мәселесі пысықталып жатқанын, сондай-ақ электр энергетика саласына инвестициялар тарту мақсатында электр энергетика нарығында Бірыңғай сатып алушының жаңа моделі енгізілетінін, «Жылу энергетикасы туралы» жаңа заң жобасы аясында жылумен жабдықтау жүйесінің тұрақты жұмысын қамтамасыз етуге жағдай жасалатынын атап өтті.
«Елдегі барлық жылу электр стансаларына аудит аяқталды. Биыл қажетті жөндеу жұмыстары жүргізіледі», — деп түйіндеді Әлихан Смайылов.