2023 жылы қаңтар-шілдеде мемлекеттік бюджеттің табысы 12,8 трлн теңгені құрады, бұл былтырғыдан 12,1% артық.
Бұл ретте мемлекеттік бюджеттің шығыны 2022 жылдың жеті айымен салыстырғанда 25% артып, 14,5 трлн теңгеге жетті.
Шығын мен табыстың арасындағы айырмашылық 1,7 трлн теңгені құрап, шығын мен табыс ара қатынасы 113% болды. Салыстыру үшін: былтыр айырмашылық небәрі 144,4 млрд теңге, ара қатынас 101,3% болған.
Биыл қаңтар-шілде қорытындысы бойынша, мемлекеттік бюджет шығынының ең көп бөлігі білім беруге жұмсалды: 3,2 трлн теңге, бір жылда 22% өскен. Жалпы шығынның 22,2%-ы.
Шығынның тағы 20,9%-ы әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға жұмсалды: 3 трлн теңге – былтырғыдан 17,6% көп (жалпы шығынның 20,9%-ы).
Одан кейін денсаулық сақтау саласының шығыны: 1,3 трлн теңге, 19% көбейген (мемлекеттік бюджеттің барлық шығынының 9,2%-ы).
Қарызға қызмет көрсетуге 1,3 трлн теңге жұмсалды, бір жыл бұрын 979,4 млрд теңге болған. Жылдық өсім 37,8%.
Мемлекеттік бюджет табысына келетін болсақ, бюджетке түсетін салық түсімдері 78,5%-ды құрады: 10 трлн теңге – былтырғыдан 24,2% көп.
Салық емес түсімдер бір жылда 1,7% өсіп, 246,3 млрд теңгеге жетті. Негізгі капиталды сатудан түскен түсім, керісінше, 35,5% азайып, 82,3 млрд теңге болды.
Трансферттердің түсімдері 2,4 трлн теңгені құрады, бұл былтырғыдан 18% аз.