Биыл қаңтар-сәуірде мемлекеттік бюджет шығыны 7,8 трлн теңге болды. Былтырғы сәйкес кезеңмен салыстырғанда өсім 27,1%.
Анықтама үшін: бір жыл бұрын бұл көрсеткіш 6,1 трлн теңгені құрап, жылдық өсім 18,1%-ды құраған.
Биылғы шығындардың басым бөлігі білім беру саласына жұмсалды: төрт айда 1,8 трлн теңге, бұл бір жыл бұрынғыдан 32,4% артық. Сондай-ақ басымдықтар қатарында әлеуметтік көмек және әлеуметтік қамсыздандыру (1,7 трлн теңге, 19,8% көбейген) және денсаулық сақтау (807,9 млрд теңге, 7,9% көбейген) салалары бар.
Биыл мемлекеттік бюджет шығыны барлық бағыт бойынша өсті. Макросала бойынша отын-энергетика кешенi және жер қойнауын пайдалану шығыны айтарлықтай өсті (бір жылда 94,9%, 80,1 млрд теңгеге дейін), ал ең аз өсім қорғаныс өнеркәсібінде (4,9%, 349,3 млрд теңгеге дейін) байқалды.
Борышқа қызмет көрсету шығыны бір жылда 39,9% өсіп, 744,8 млрд теңге болды.
Қазақстан 2023 жылға арналған бюджетті шығындарды арттыру бағытында түзетуді жоспарлап отыр. Құжат қоғамдық талқылау үшін Ашық НҚА порталында орналастырылған.
Республикалық бюджеттің шығынын ұлғайту жоспарлануда, ал түсімдер бұрынғысынша сақталады. Әлеуметтік көмек пен әлеуметтік қамсыздандыруға шығындар, сондай-ақ облыстық бюджеттерге және республикалық маңызы бар қалалардың бюджеттеріне дамуға берілетін нысаналы трансферттер өседі.
Түсіндірілгендей, түзетулер мемлекеттік органдар жүктеген функцияларды тиісінше орындау мақсатында енгізіліп отыр, деп хабарлайды zakon.kz.