Мемлекеттік кірістер комитетінің мәліметінше, Қазақстанның шоғырландырылған бюджетіне жер қойнауын пайдаланушылардан 12 трлн теңге салық түсті.

МКК дерегінше, қазіргі таңда салықтық бақылауда 7 мыңнан астам жер қойнауын пайдаланушы бар. Олардың төлемдері республикалық бюджет кірісінің шамамен 35%-ы және Ұлттық қор түсімінің 100%-ы болды.

«2025 жылдың қорытындысы бойынша жер қойнауын пайдаланушылардан шоғырландырылған бюджетке шамамен 12 трлн теңге түсті, бұл 2024 жылмен салыстырғанда 1,1 трлн теңгеге көп. Салықтық әкімшілендіру нәтижесінде бюджетке қосымша шамамен 440 млрд теңге түсті, оның ішінде салықтық бақылау шаралары бойынша – 123 млрд теңге», – делінген хабарламада.

Әкімшілендіру салықтық тексерулер, ірі салық төлеушілерді мониторингтеу, камералдық бақылау және басқа да бақылау түрлері арқылы жүргізіледі.

«2025 жылы 17 ірі жер қойнауын пайдаланушыға жүргізілген тексерулер қорытындысы бойынша шамамен 85 млрд теңге көлемінде заңбұзушылықтар анықталды», – деп хабарлады комитет.

Комитет бастамасымен 2026 жылғы 1 қаңтардан бастап жаңа Салық кодексінде пайдалы қазбаларды өндіру салығы бойынша алтын мен күміске прогрессивті мөлшерлеме, ал уранға сараланған мөлшерлемелер енгізілді.

Осы өзгерістердің нәтижесінде бюджетке жыл сайын шамамен 350 млрд теңге қосымша түсім күтіледі.