Қазақстанның қор нарығында түбегейлі өзгерістер болатыны анық. ҚР Ұлттық банкі басшысының ауысуы, екі биржаның алдағы бірігуі және мемлекеттің үлесі бар маңызды активтерді IPO-ға дайындауды жеделдету капитал нарықтарын да, тұтастай алғанда ел экономикасын да дамытуға жаңа серпін беруге бағытталған. Осы бірқатар негізгі шешімдердің ішінде жақында Polymetal International plc компаниясының Қазақстанға «көшіп келуі» де бар. Шетелдік эмитент (бағалы қағаздар шығарушы компания) алғашқы рет өзінің акциялар листингін Лондон қор биржасынан Astana International Exchange-ге көшіріп, АХҚО юрисдикциясында тіркеді. Біз AIX биржасының басқарма төрағасы Әсел Мұқажановадан осындай үлкен өзгерістерге байланысты қандай мүмкіндіктер ашылады және нарық қатысушылары бұдан қандай пайда алады деген сұрақтарға жауап беруін өтіндік.
Әсел ханым, Polymetal акциялары Лондоннан көшкенге дейін де AIX-те саудаланып жатқан болатын. Енді баға ұсыныстары қалай өзгерді? Қағаз өтімділігінің өсуі байқалады ма?
Polymetal компаниясының акциялары 2019 жылы AIX-тің ресми тізіміне енгізілген болатын. Алайда ол кезде сауда-саттық көлемі шамалы ғана еді, өйткені барлық өтімділік Лондондағы биржада шоғырланатын. Polymetal компаниясының АХҚО юрисдикциясына «көшуі» нәтижесінде AIX енді негізгі биржаға айналды. Сауда-саттық көлемі және Polymetal акциялары бойынша транзакциялар саны екі еседен артық өсті. Біздің ойымызша, сауда көлемі одан әрі өсе береді, өйткені Polymetal акцияларының иелерін тіркеу (on-boarding) әлі де жалғасып жатыр.
Бір қызығы, Polymetal юрисдициясын ауыстырмас бұрын Гонконг пен Абу-Даби сияқты қалаларды қарастырған, сондықтан AIX олар үшін жалғыз вариант емес еді. AIX және АХҚО-ны таңдау, ең алдымен, Polymetal компаниялар тобының Қазақстанда активтерінің едәуір бөлігі бар болғанына байланысты, екіншіден АХҚО-ның халықаралық реттеу мен құқықтық артықшылығы оң әсер еткен. Юрисдикцияны ауыстыру жобасы небәрі 9 айға созылды және осындай қысқа мерзімде инвесторлардың активтерін AIX есеп айырысу-депозитарлық жүйесіне жылдам әрі қауіпсіз аударудың бірнеше нұсқалары жасалды.
Жалпы, ағымдағы жыл AIX үшін маңызды кезең болды. Әлемдік ауқымға ие және ірі қорлар мен қаржы институттарына қызмет көрсететін негізгі жаһандық банктер мен қаржылық агенттер біздің депозитарийге қосылды. Енді олар өз клиенттерінің АІХ-те бағалы қағаздарды алып-сату туралы бұйрықтарын орындай алады. Бұл дегеніміз, шетелдік инвесторлардың көбі AIX-те басқа халықаралық биржалармен бірдей өздеріне жақсы таныс шарттарда сауда жасай алады деген сөз.
AIX депозитарийінде Tabys қосымшасы арқылы тіркелген шетелдік инвесторлардың саны 4 мыңнан асты, ондаған мың инвесторлардың мүдделерін білдіре алатын номиналды ұстаушылар саны өсті.
Отандастарымыз да жаңа шоттар ашып бізді қуантты, олардың саны қыркүйек айының басындағы есеп бойынша 1 миллионнан асты. Айта кету керек, бұл жеке шоттардың әрқайсысы нақты жеке тұлғаныкі. Үш жыл бұрын ғана олардың саны бар-жоғы 100 мың болатын. Өсудің негізгі себептері – елімізде бағалы қағаздарды алып-сатуға арналған мобильді қосымшалардың дамуы. Біз де Tabys деп аталатын қосымшамызды аштық.
Қазақстандық қор нарығында шетелдік капиталдың үлесі неге әлі де шамалы?
Лондон, Нью-Йорк, Гонконг сияқты ірі алаңдарда сауда жасайтын шетелдік қорды елестетіп көріңізші. Оған қызықты активтің өзінен басқа, инфрақұрылым және нарыққа оңай қол жетімділік маңызды. AIX-ке дейін Қазақстанда шетелдік инвестордың мұндай мүмкіндігі болмаған еді.
Жаһандық инвесторларды тарту үшін барынша қолайлы жағдай жасау әрқашан AIX стратегиясының негізгі бөлігі болды. Соған қарамастан бізді шетелдік инвесторларды бірден Қазақстанға әкелудің орнына жергілікті бәсекелестікке араласты деп жиі айыптады. Бірақ шетелдік қатысушылар тек жергілікті нарық жақсы дамыған жағдайда және биржада инвесторларды қызықтыратын активтер болған жағдайда ғана келеді. Нарыққа деген сенім, ең алдымен, жергілікті инвесторлар арқылы қалыптасады және өтімділіктің максимум массасы пайда болғаннан кейін, шетелдік қорлар да осы нарыққа назар аудара бастайды.
2018 жылдан бастап, «Қазатомөнеркәсіп» компаниясының IPO-сынан кейін біз инфрақұрылым қалыптастырдық, клиенттер базасын кеңейттік. Бірақ инфрақұрылымнан бөлек, ең алдымен тартымды активтер қажет, олар қазақстандық нарықта әлі аз. Осыған орай, біз мемлекет басшысының «Самұрық-Қазына» қорының активтерін жекешелендіру бағдарламасын жеделдету туралы шешімін құптаймыз. Біз үшін эмитенттер неғұрлым ірі әрі алуан түрлі болса, қор нарығы соғұрлым тез дамиды.
Жақында сіз Парсы шығанағы биржаларын біріктіретін Тabadul онлайн платформасына қосылғаныңызды жариялаған едіңіз.
Иә, бұл - қазақстандық брокерлермен және БАӘ компанияларымен бірлесіп дамытып жатқан тағы бір тиімді арна.
Tabadul - Абу-Даби қор биржасы құрған цифрлық биржалық сауда платформасы, оның мүшелері Бахрейн қор биржасы және Маскат бағалы қағаздар нарығы (Оман). Бұл биржаларға лицензияланған брокерлер арқылы бір-бірімен тікелей сауда жасауға, сондай-ақ елдер арасында аймақтық және жаһандық деңгейде инвестициялар салуға мүмкіндік береді. AIX үшін бұл өтімділікті арттыруға, Парсы шығанағы елдерімен ынтымақтастықты нығайтуға және олардың нарықтарының инвестициялық әлеуетін пайдалануға таптырмас мүмкіндік.
Сонда сіздер биржаның шетелдік қызметіне көбірек көңіл бөлесіздер ғой?
Шетелдік капитал – қазақстандық бизнестің дамуы үшін шұғыл қажеттілік. Өзгермелі жаһандық инвестициялық ландшафт жағдайында біздің күш-жігеріміз инвестициялар тартуда бәсекеге қабілеттілікті сақтауға бағытталуы тиіс, өйткені біздің нарық шетелдік инвесторлардың қатысуынсыз дами алмайды. Жаһандық интеграцияланған бағалы қағаздар нарығы уақыт өте келе отандық бизнестің өсуіне қажетті қаржыландыруды қамтамасыз етеді, корпоративтік басқаруды жақсартады және инвесторлар үшін инвестициялық баламаларды ұсынады.
ҚР Ұлттық Банкінің деректері бойынша соңғы 5 жыл ішінде Қазақстанда шетелдік тікелей инвестициялардың азаюы байқалады. Бұл алаңдатарлық статистика, оны елемеуге болмайды.
Бұл ретте Қазақстан FTSE және MSCI индекстік провайдерлері талдаушыларының соңғы есептеріне сәйкес қор нарығын реттеу, заңнама және инфрақұрылым тұрғысынан «дамушы нарықтар» санатының негізгі сапалық өлшемдеріне сәйкес келеді. Алайда, оның позициясын жақсарту үшін акциялар саудасының 10 есе өсуі, нарықтағы еркін айналымдағы акциялар капитализациясының 3 есе өсуі және биржада тіркелген компаниялар санының 50% өсуі қажет. Егер бұған қол жеткізсек, MSCI немесе FTSE дамушы нарықтарының индекстеріне кіру Қазақстанға инвестициялау үшін қолжетімді қаражаттың екі еседен астам көлемін қамтамасыз етеді.
Қазір Қазақстан «шекаралық нарықтар» санатына кіреді және инвесторларға қандай қызықты активтер ұсынсақ та, жаһандық қорлардың көпшілігі үшін біздің елімізге инвестициялар «дамушы нарық» мәртебесін алғаннан кейін ғана барынша мүмкін болады.
Қазақстан Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев өз Жолдауында AIX және KASE әлеуетін бірыңғай басқарумен біріктіру міндетін белгілеген болатын. Бұл қалай жүзеге асады?
Біздің ойымызша, AIX және КASE биржаларын бірлесіп басқарудың мақсаты отандық бағалы қағаздар нарығын дамыту болуы тиіс. Бұл ретте KASE сауда-саттық көлемінің 5%-ға жуығы акциялар мен корпоративтік борыштық құралдарға тиесілі екенін, ал AIX-те саудаланатын көлемнің 100% -ы бағалы қағаздар екенін ескеру қажет.
Қазақстандық компаниялар халықаралық нарықтарға (негізінен Лондонға) шыға бастады. Ал шетелдік инвесторлардың жергілікті нарыққа деген ынтасы да, қол жетімділігі де болған жоқ, өйткені қазақстандық заңдар мен реттеу тәсілдері әрқашан халықаралық ойыншылар үшін түсініксіз болып көрінді. Нәтижесінде қазақстандық жария компаниялардың бағалы қағаздар саудасының 65%-дан 93%-ға дейін Лондонда жүзеге асырылады, ал қалғаны жергілікті биржалар арасында бөлінеді. Бұл қазақстандық бизнеске, қор нарығына және жалпы ел экономикасына тиімді жағдай емес.
Ал AIX шетелдік капиталға есік ашты. Ең ірі жаһандық банктер, атап айтқанда J. P. Morgan, Bank of New York, State Street, Citi, BNP Paribas және Northern Trust бүгінгі күні 165 трлн АҚШ долларын құрайтын капиталды басқарады. Енді олардың барлығы AIX депозитарийінің клиенттеріне айналды және біздің биржада листингтен өткен бағалы қағаздарды ұстайды. Бұл компаниялардың бізге келуінің өзі біздің биржаның деңгейін көрсетеді. Мұндай көрсеткішкен Еуро-Азия аймағының бірде-бір биржасы мақтана алмайды. AIX жалпыға бірдей танылған NASDAQ операциялық жүйесінде жұмыс істейді, сонымен бірге Euroclear жүйесіне қосылған, Аvenir есептеу жүйесін пайдаланады және жаһандық Swift желісіне қосылған. Біз жаһандық инвесторларға Лондон мен Гонконг ұсынатын қызметтермен салыстыруға болатын қызметтерді ұсына алатын заманауи биржамыз.
Біз қазір қазақстандық нарыққа келетін көлем үшін емес, шетелде саудаланатын көлем үшін бәсекелесеміз. Біз компаниялардың, мысалы, Лондон биржасына не үшін баратынын түсінеміз, өйткені онда олар жоғары баға мен көп ақша жинай алады. Бірақ Лондонда шағын компаниялар өздеріне назар аударта алмайды, тіпті ірі компанияларға да инвесторлардың қызығушылығы уақыт өте келе төмендеуі ғажап емес. Біздің мақсатымыз – сол бағалар мен көлемдердің отандық қор нарығында қолжетімді болуы. Сол үшін шетелдік инвесторларды Қазақстанға әкелуіміз керек. Сондықтан жергілікті қор биржаларының функционалдығын біріктіру дәл осыған бағытталуы қажет.
Шетелдік капиталды тарту міндеті жергілікті деңгейде болуы әбден мүмкін – бұны әлемдік тәжірибе көрсетіп отыр. Жақында Румынияда Бухарест биржасында электр энергиясын өндіруші Hidroelectrica акциялары орналастырылды. Нәтижесінде 1,8 миллиард АҚШ доллары тартылды. Бұл IPO 2023 жылдың басынан бері Еуропадағы ең үлкен және Румыния үшін рекордтық көрсеткішке ие болды.
Сіз қандай шешімді ең оңтайлы деп санайсыз?
Бұл нарықтың өсуіне жақсы ықпал ететін және әлеуетті эмитенттерді, сондай-ақ шетелдік инвесторларды, соның ішінде қазіргі және болашақ инвесторларды «үркітіп» алмайтын өзгерістердің жақсы дамыған жол картасы болуы тиіс. Сонымен қатар, процесті кешіктіру алдағы IPO-ларға теріс әсер етуі мүмкін екенін нақты түсіну керек. Эмитенттер, брокерлер және басқа да нарық қатысушылары, әсіресе жаһандық инвесторлар, нарықтағы перспективалар түсініксіз болған жағдайда уақыт пен ресурстарды зая кетіргісі келмейтіні айдан анық. 2024 жылы бірнеше компаниялардың жоспарланған IPO-ларына байланысты интеграцияны мүмкіндігінше қысқа мерзімде жүзеге асыру қажет. Бұл осы листингтердің табысты болуын қамтамасыз етеді және нарықтық инфрақұрылыммен байланысты тәуекелдерді азайтады.