Республикалық маңызы бар 25 мың шақырым жолды күтіп ұстауға 80 млрд теңге қажет. Сондықтан, бюджетке артық салмақ түсірмеу мақсатында ақылы жолдарды енгізу жұмыстары әрі қарай жалғасатын болады, деп хабарлайды Үкіметтің баспасөз қызметі.
Яғни, редакцияның есебінше, 25 мың шақырымды 80 млрд теңгеге шаққанда, бір шақырымды күтіп ұстауға орташа есеппен 1 шақырым жолды күтіп ұстауға 3,2 млн теңге қажет.
Бүгінгі күні ақылы жолдардың жалпы ұзындығы 3,2 мың шақырымды құрайды. Өткен жылдың қорытындысы бойынша бұл жолдардан 30 млрд теңге жиналды. Ол қаражат жолды күтіп ұстауға, ағымдағы жөндеуге және техника сатып алуға жұмсалды.
Реконструкциялаудан өткен жолдарды нормативтік деңгейде күтіп ұстау мақсатында биыл 2 мың шақырымнан астам 11 учаскеге кезең кезеңімен ақы алуды енгізу жоспарлануда.
Сондай-ақ жолдардың тез бұзылуына салмағы ауыр жүк көліктері тікелей әсер ететіні анық. Елімізде 450 мыңнан астам жүк көлігі тіркелсе, оның 60 мыңы рұқсат етілген 25 тонна жүк тасу көлемін сақтамайды. Осыған байланысты салмақ параметрлерін сақтау бойынша жауапкершілікті күшейту, карьерлік самосвалдардың жалпыға ортақ пайдаланылатын жолдарға шығуына тыйым салуға тиісті заңнамалық түзетулер әзірленді.
Бұл ретте, келесі жылдың соңына дейін автокөліктің қозғалысы кезінде салмағын өлшейтін 220 станса орнату жұмыстары басталды. Өлшеу стансалары бұзушылықтарды онлайн тіркеп, айыппұлды «Сергек» бағдарламасы форматында рәсімдейтін болады.