Мемлекеттік кірістер комитеті 2020 жыл үшін жеке тұлғалардың мүлік салығын төлеу мерзімі 2021 жылдың 1 қазанында аяқталғанын еске салады.

Қазіргі уақытта мемлекеттік кірістер органы банктердің мобильді қосымшасы арқылы мерзімінде мүлік салығын төлемеген жеке тұлғаларға push-хабарлама жіберу жоспарлауда. 2021 жылғы 1 қазанға дейін мүлік салығын төлемеген азаматтарға салық берешегі туралы хабарлама жіберілді.

Хабарлама орындалмаған және берешек өтелмеген жағдайда, мемлекеттік кіріс органдарымен берешекті өндіріп алу туралы салықтық бұйрықтарды қалыптастырып, аталған бұйрықтар мәжбүрлеп орындату үшін жеке сот орындаушыларының өңірлік палаталарына жіберілетін болады.

"Осыған байланысты, 2020 жылға мүлік салығын төлемеген азаматтардан салықтық берешектерді өтеуді сұраймыз. Жеке тұлғалар салықты «e-Salyg Azamat» және екінші деңгейдегі банктің мобильдік қосымшалары арқылы, электрондық үкімет порталы арқылы, екінші деңгейдегі банктердің бөлімшелеріндегі төлем терминалдарындағы қолма-қол ақша қаражатымен, банкоматтар мен төлем терминалдарындағы банк карталарының көмегімен төлей алады", деп хабарлайды комитет.

Комитет мәліметіне сүйенсек, қазіргі таңда 1 млн-нан астам азамат мүлік салығын төлемей жүр. Олардың жалпы қарызы 3,4 млрд теңгені құрайды.