Биыл жазда Қазақстанда мемлекет реттемейтін АИ-95 маркалы бензиннің құны қымбаттауы мүмкін, деп есептейді Энергетика министрі Алмасадам Сәтқалиев.
«Бізде АИ-95 бензиніне қатысты белгілі бір тәуекелдер бар. Ол жерде бағаның көтерілуі мүмкін, бірақ бұл реттелмейтін мәселе, себебі жазғы маусымда, әсіресе курорттық аймақтарға сапарлар көбейеді. Осыған байланысты біз 95-ші бензиннің қымбаттау қаупін көріп отырмыз», — деді ол журналистерге.
Оның айтуынша, ҚР Энергетика министрлігі бұл жағдайды бақылауда ұстауға тырысуда. Сәтқалиев министрлік мұнай өндіруші ұйымдармен және желілік компаниялармен Ресей Федерациясынан қажетті көлемде АИ-95 импортын қамтамасыз ету туралы өтінішпен кездесулер өткізгенін атап өтті.
Бұл ретте ҚР Энергетика министрлігінің басшысы Қазақстанда АИ-92 маркалы бензиннің қажетті қоры жасалғанын, оның бөлшек саудадағы бағасы мемлекет тарапынан реттелетініне сендірді. Мұнай өңдеу зауыттары мен мұнай базаларындағы тиісті қорлар 23 күндік тұтынуды өтейді. Осыған байланысты, Сәтқалиев АИ-92 тапшылығы қаупі жоқ деп санайды.