2023 жылдың қаңтар-шілде айлары аралығында бейрезиденттердің Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына және Ұлттық Банктің ноталарына салған салымдары жиынтықта 559 млрд теңгеге дейін – 178 млрд теңгеге өсті. Бұл 2022 жылғы наурыздан бері ең жоғары мән. Бейрезиденттердің ноталарға қатысуы 6 млрд теңгеге, ал Қаржы министрлігінің мемлекеттік бағалы қағаздарына қатысуы 171 млрд теңгеге өсті. Бұл туралы ҚҰБ Монетарлық операциялар департаменті басқармасының бастығы Олжас Иғсатов мәлімдеді.


Қаржы министрлігінің облигацияларына салынған инвестициялардың ең жоғары тарихи деңгейге дейін өсіп, қазір 453 млрд теңге болды.     

Өткен жылы бейрезиденттердің портфельдік инвестициялары дамушы елдерден әкетілгені байқалған еді. Оның әсері бізге де тиді: 2022 жылы бейрезиденттердің кетуі (-) 214 млрд теңге болды. Сол жылы халықаралық инвесторлардың тәуекел сентименті өзгергенін де көріп отырмыз.

Бейрезиденттердің МБҚ-ға келуінен нарыққа берер оң әсері туралы айтар болсақ, онда инвесторлардың, оның ішінде шетелдік инвесторлардың ауқымды шоғырының болуы мемлекеттік бағалы қағаздар нарығының тиімділігін арттырады. Басқа елдердің тәжірибесі көрсеткендей, шетелдік портфельдік инвестициялардың әкелінуі қарыз алу құнын төмендетуге мүмкіндік береді және қорландырудың қосымша көзіне айналады.  

Бейрезиденттер Қазақстанның мемлекеттік бағалы қағаздарын сатып алу үшін алдымен біздің нарықта өз валютасын сатып, теңгені сатып алуы қажет. Осылайша, жыл басынан бері бейрезиденттер шамамен 400 миллион АҚШ долларын сатты. Бұл өз кезегінде валюта нарығында қосымша ұсынысты қамтамасыз етті.

Шетелдік инвесторлардың қызығушылығы Ұлттық Банк пен Қаржы министрлігінің өзара белсенді коммуникациялық саясатына да байланысты. Жыл басынан бері шетелдік инвесторлармен бірқатар кездесу өтті. Соның барысында отандық нарықтағы мемлекеттік бағалы қағаздардың келешегі мен тартымдылығы туралы айтылды. 

Сонымен қатар, қазіргі уақытта мемлекеттік борыш нарығында бастапқы дилерлер институтын енгізу бойынша жұмыс жүргізіліп жатыр. Ол да нарықты дамытуда және оның өтімділігін арттыруда қосымша қадам болады.