Банк секторының активтері негізінен несие портфелінің 2,6%-ға немесе 753,2 млрд теңгеге өсуі есебінен ағымдағы жылғы ақпанда 1,8%-ға немесе 0,9 трлн теңгеге ұлғая отырып (2024 жылдың басынан бері 1,0%-ға немесе 0,5 трлн теңгеге өсу), 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 52,0 трлн теңгені құрады.
Екінші деңгейдегі банктердің өтімділігі жоғары активтері 16,0 трлн теңгені немесе активтердің 30,8%-ын құрады, бұл банктерге міндеттемелеріне толық көлемде қызмет көрсетуге мүмкіндік береді.
Банктердің меншікті капиталы ағымдағы жылғы ақпанда 3,2%-ға 7,3 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 6,9%-ға немесе 471,0 млрд теңгеге өсу). 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша негізгі капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к1) 19,4%-ды, меншікті капиталдың жеткіліктілік коэффициенті (к2) 21,5%-ды құрады, бұл заңнамада белгіленген нормативтерден едәуір артық және банк секторындағы әлеуетті тәуекелдерді өтеуді қамтамасыз етеді.
Банк секторының міндеттемелері 2024 жылғы ақпанда жеке тұлғалар салымдарының 1,3%-ға 20,2 трлн теңгеге дейін өсуі (міндеттемелердің құрылымындағы үлес 45,2%) нәтижесінде 1,5%-ға 44,6 трлн теңгеге дейін ұлғайды (2024 жылдың басынан бері 0,1%-ға немесе 52,1 млрд теңгеге өсу).
2024 жылғы ақпанның қорытындысы бойынша банктердің таза пайдасы 390 млрд теңгені құрады, бұл 2023 жылғы ақпанға қарағанда 18,0%-ға көп. Банктік активтердің рентабельділігі (ROA) 2024 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша 4,7%-ды (2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 3,8%), капитал рентабельділігі (ROE) 35,6%-ды (2023 жылғы 1 наурыздағы жағдай бойынша – 31,6%) құрады.