Биылғы қаңтар-қазан айларында елімізде 40,3 мың тонна жаңа ауланған, салқындатылған және мұздатылған балық өндірілді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 16,6% артық. Негізгі өнім Атырау, Шығыс Қазақстан және Түркістан облыстарында шоғырланған: тиісінше 11 мың, 9,2 мың және 8,3 мың тонна, деп хабарлайды energyprom.kz.
Сондай-ақ басқа әдіспен дайындалған немесе консервіленген 8,8 мың тонна балық, уылдырық және оның алмастырғыштары өндірілді – бір жыл бұрынғыдан бірден 22,2% аз. Өндірістің ең көп көлемі Түркістан облысына тиесілі: 3,4 мың тонна, 56,7% көбейген. Үздік үштікке сондай-ақ Батыс Қазақстан (2,2 мың тонна, бір жылда 6,3% азайған) және Шығыс Қазақстан (702 тонна, 23,9% азайған) облыстары кірді.
Биылғы қаңтар-тамыз айларының қорытындысы бойынша жергілікті кәсіпорындар өңделген және консервіленген балық, шаян және моллюскаларға сұранысты бір жыл бұрынғы 53,1%-бен салыстырғанда 53,6% қамтамасыз етті. Елге 32,9 мың тонна өнім әкелінді, бұл бір жыл бұрынғыдан 1,2% артық. Осы кезеңдегі өндіріс 38 мың тоннаны құрады, көрсеткіш бір жылда 3,3% өскен.
Бұл ретте ресурстардың 19,7%-ы экспортқа шығарылды: 14 мың тонна, көрсеткіш 4,4% азайды.
Ішкі нарықтағы сату көлемі 4,1% өсіп, 56,9 мың тоннаны құрады.
Биылғы қазан айының қорытындысы бойынша балық пен теңіз өнімдерінің бағасы бір жылда 24,3% өсті. Оның ішінде жаңа ауланған немесе салқындатылған балық – 17,4%, мұздатылған балық – 16%, өңделген және консервіленген балық 31,3% қымбаттады.
Өңірлер бойынша балық пен теңіз өнімдері бағасы ең көп Павлодар (42,5%) және Маңғыстау (37,1%) облыстарында, сондай-ақ Шымкентте (32,5%) байқалды. Баға ең аз өскен өңір Абай облысы (12,9%).
Экология, геология және табиғи ресурстар министрі Серікқали Брекешев балық шаруашылығының негізгі мәселелерін айтты, деп хабарлайды inbusiness.kz.
Оның ішінде заңсыз аулау (браконьерлік) фактілерінің болуы, балық шикізатының жетіспеушілігінен балық өңдеуші кәсіпорындардың өндірістік қуаттарын толық пайдаланбау, Каспий теңізінің теңіз балық түрлерін (килька, майшабақ, кефаль) аулауға бөлінген квотаны толық пайдаланбау, браконьерлікпен күресуге қаражаттың жеткіліксіз бөлінуі.