«Қазақстан автокөлік одағы» (ҚАО) автозауыттардың «Жасыл даму» ӨКЖ операторынан ешқандай қаржыландыру алмайтынын, оларға тек бұрын өздері төлеген утильалым сомасы қайтарылып жатқанын хабарлады. 

Бұған дейін «Жасыл даму» мемлекеттік операторы «СарыарқаАвтоПром» (Қостанайдағы зауыт, Allur Group құрамына кіреді) және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan («Астана Моторс» еншілес компаниясы, Алматыдағы мультибрендті зауыт) компанияларымен мәмілелерді мақұлдағаны айтылған еді.

Бұл мәмілелер туралы алғаш рет Қаржылық есептілік депозитарийінің сайтында жарияланған «Жасыл дамудың» корпоративтік құжатынан белгілі болды. Онда бұл келісімдер Қазақстанда экологиялық таза көліктерді, соның ішінде электрокарларды шығаруды ынталандыруға бағытталғаны айтылған. 

«Бұл — Қазақстан Республикасында экологиялық таза автокөлік құралдарын (ЕАЭО техникалық регламентімен белгіленген экологиялық класқа сәйкес келетін; электр қозғалтқышы бар) өндіруді ынталандыру туралы шарт», – деп мәлімдеді компания .

«Жасыл дамудың» мәліметінше, өндірісті ынталандыру автозауыттарды мына бағыттар бойынша қаржыландыру арқылы жүзеге асырылады: жұмыс орындарын сақтау; энергия ресурстарын пайдалану; ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) жүргізу; өнім шығаруға қатысты сынақтар өткізу; кепілдік міндеттемелерді қолдау.

«Жасыл даму» бұл қаржыландырудың қайтарымсыз екенін айтты. Ол автоөндірушілерге өздері төлеген утильалым сомасын ішінара қайтару аясында жүргізіледі.

Кейінірек «Қазақстан автокөлік одағы» қандай да бір мәмілелер жасалды деген ақпарат шындыққа жанаспайтынын мәлімдеді. Ұйым өкілдері Экологиялық кодекске сәйкес, ӨКЖ операторы автокөлік пен техника өндірушілері мен импорттаушыларынан банк шотына түскен ақшаны, соның ішінде Қазақстанда экологиялық таза көлік өндірісін ынталандыруға, яғни автоөндірушілердің өзіне қайта бағыттауға міндетті екенін түсіндірді.

«Сәйкесінше, автозауыттар төлеген утильалымның бұл қайтарылуын өтеусіз қаржыландыру немесе ірі мәміле жасасу деп санауға болмайды», – деп атап өтті Қазақстан автокөлік одағы.

Ал «Жасыл даму» компаниясының өзі бұны «мәміле» және «өндірісті ынталандыру туралы шарт» деп атап отыр.