Өндірушілердің кеңейтілген жауапкершілігі бойынша мемлекеттік оператор саналатын және утильалым жинайтын «Жасыл даму» компаниясы СарыарқаАвтоПром және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan автозауыттарын қайтарымсыз негізде қаржыландырады. Бұл зауыттардың әрқайсысы экологиялық таза көліктер шығару үшін жүздеген миллиард теңге алады. Бұл туралы компания «Курсив» басылымының сауалына берген жауабында мәлімдеді.

«Жасыл даму» ірі мәміле жасасқанын хабарлады. Келісімге «СарыарқаАвтоПром» (Allur тобына кіреді) және Astana Motors Manufacturing Kazakhstan («Астана Моторс» еншілес компаниясы, Алматыдағы мультибрендті зауыт) компаниялары қол қойған. Осы келісімге сәйкес, аталған компаниялардың пайдасына «Жасыл дамудың» барлық активінің 25%-дан астамын құрайтын мүлік беріледі.

«Жасыл даму» компаниясы бұл жерде автоөндірушілердің экологиялық таза көліктерді (ЕАЭО техникалық регламентінің экологиялық класына сәйкес келетін; электр қозғалтқышы бар көліктерді) шығаруын қаржыландыру туралы шарт жайында сөз болып отырғанын түсіндірді.

Қаржыландыру мына мақсаттарға бөлінеді: жұмыс орындарын сақтау; энергия ресурстарын пайдалану; ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарды (ҒЗТКЖ) жүргізу; өнім шығаруға қатысты сынақтар өткізу; кепілдік міндеттемелерді қолдау.

Компания қаржыландырудың нақты сомасын атаған жоқ, бірақ оны «Жасыл дамудың» қаржылық көрсеткіштеріне сүйеніп шамамен есептеп шығаруға болады. Мәліметке сүйенсек, «СарыарқаАвтоПроммен» жасалған шарт сомасы «Жасыл даму» активтері жалпы құнының 40%-ын құрайды. Бірінші тоқсанның соңында компания активтері 370,9 млрд теңге болғанын ескерсек, Қостанайдағы Allur автозауытына шамамен 148 млрд теңге бөлінген болуы мүмкін.

Өз кезегінде, Алматыдағы жаңа «Астана Моторс» зауытымен компания активтерінің 33%-ы көлемінде шарт жасалған, демек ол 122 млрд теңге алған болуы ықтимал.

«Жасыл даму» бұл қаржыландырудың қайтарымсыз екенін де айта кетті. Бұл автоөндірушілер төлеген утильалым сомасын оларға ішінара қайтару аясында жүзеге асырылып отыр.