Атырау футбол клубы жекеменшік қолға өтеді. Батыс өңірдегі ірі логистикалық Ақ-Руно компаниясының иесі Әлімбек Мұқанов клубты сатып алу бойынша құжатты рәсімдеуді бастап кеткен.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Шымкент қаласының әкімі Ғабит Сыздықбеков Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингте Ордабасы футбол клубын жеке секторға беру жоспары туралы айтты. Ол шымкенттік клубқа қатысты да жұмыстар жүргізіліп, қазіргі уақытта бірден бірнеше әлеуетті инвестормен талқылаулар өтіп жатқанын мәлімдеді.
Оған дейін Қарағандының «Шахтер» футбол клубын Freedom Holding Corp. тобына кіретін, қазақстандық кәсіпкер Тимур Турловқа тиесілі компания сатып алды.
Сондай-ақ «Елімай» футбол клубы ірі акционердің пайда болғанын хабарлады. Абай облысындағы клубтың инвесторы — Qazaq-Astyq Group компаниясының май экстракциялайтын зауыты болды.
Бұған дейін Qazaq Stroy компаниясының иесі Нұрлан Артықбаев «Ақтөбе» футбол клубының инвесторы болғаны хабарланған еді.
Сонымен қатар Петропавлдың «Қызыл-Жар» футбол клубының инвесторы кәсіпкер Сергей Кан болып анықталған еді. Клубты қаржыландыру Солтүстік Қазақстан облысы әкімдігімен бірлесіп жүзеге асырылады.
«Қайсар» футбол клубы да жеке басқаруға берілді. «Алдағы уақытта «Қайсар» футбол клубын дамыту бойынша нақты шаралар қабылданып, клуб академиясы мен инфрақұрылымын дамытуға 12 млрд теңге көлемінде инвестиция салу жоспарлануда», – деп жазды клуб өкілдері.
Сонымен қатар Астана футбол клубына да инвестор табылғаны хабарланды, бірақ туризм және спорт министрі Ербол Мырзабосынов инвесторлардың бар екенін, алайда рәсімдер толық аяқталғанға дейін олардың атын атай алмайтынын айтты.