Жасырын емес, қоғамда «Қазақстан Қытайға, АҚШ-қа осыншама қарыз» немесе «Еліміз қарызға белшесінен батты» деп жатады. Сәйкесінше, халықта әр қазақстандық шетелге бәленбай ақша қарыз деген ой туындайды. Сондықтан бұл мақалада осы тақырыпты қозғауымыз қажет деп шештік.
Жалпы «сыртқы қарыз» және «мемлекеттік борыш» деген екі ұғым бар. Біздің мемлекет те, халық та осы мемлекеттік борышқа ғана жауап береді. Біздің нақты қарызымыз сол. Сондықтан «әр азамат шетелге 8 мың доллардан қарыз» деген желідегі жазбалар шындыққа жанаспайды. Оны түсіндіру үшін екі ұғымға да жіті тоқталайық.
- «Сыртқы қарызға» еліміздегі барлық инвестиция, фирмааралық ақша қатынастары, біздегі шетелдік компаниялар бас кеңселерінің Қазақстандағы филиалдарына жіберген қаржысы, үкімет пен квазимемлекеттік компаниялар алған қарыз кіреді. Бұл мемлекет пен халық қарыз дегенді білдіре ме? Әрине, жоқ. Біз оның ішіндегі мемлекеттік қарызына ғана жауап береміз. Ал басқасына алаңдауға себеп жоқ. Мәселен, биыл 1 шілдедегі жағдай бойынша біздің сыртқы қарызымыз 161,8 миллиард доллар болды. Оның 131,8 миллиарды жеке компаниялар мен фирмаларға, инвестицияларға тиесілі. Ал қалған 30 миллиард доллардың ішінде сіз бен бізге қатысты қарыздар бар. Яғни, осы 30 миллиард доллар мемлекеттің қатысы бар сыртқы қарыздарға жатады. Ол да әрі қарай бірнеше жікке бөлінеді. Оның ішінен Үкімет алған сыртқы қарыз 14,7 миллиард доллар, мемлекет бақылауындағы банктер мен қаржылық ұйымдардың сыртқы қарызы 15,3 миллиард долларды құрады.
Айта кетейік, қарыз сыртқы қарыздан ғана тұрмайды. Үкімет алған ішкі қарыз да бар. Осы Үкімет алған ішкі және сыртқы қарыздар қосылып, барлығы мемлекеттік борыш деп аталады.
- Биыл 1 шілдеде мемлекеттік борыш көлемі 28,5 триллион теңге болып белгіленді. Біздің ішкі жалпы өніміміз 118,3 триллион теңге деп есептесек, борыш ІЖӨ-нің 24,1 пайызын құрайды. Әлемдегі методика бойынша бұл қауіпсіз деп есептеледі. Ал біздің Бюджеттік Кодекске сәйкес, мемлекеттік қарыз деңгейі ішкі жалпы өнімнің 30 пайызынан асып кетпеуі тиіс. Аталған 28,5 триллион теңгенің ішінен 7,5 триллион теңгесі ғана сыртқы қарыз. Ал қалғанының барлығы ішкі қарыз болып есептеледі. Ішкі қарыз біз үшін қауіпсіз. Себебі ол теңгемен берілген. Үкімет алған ішкі қарыз 17 триллион теңгеге жетті. Ішкі қарызды Қаржы министрлігі Қазақстан қор биржасына мемлекеттік құнды қағаздар, яғни Қаржымин облигацияларын орналастыру арқылы алады.
Мемлекеттік облигацияларды нарық ойыншылары, банктер, сақтандыру компаниялары алып отырады. Себебі, оның қайтуына 100% кепілдік берілген және оның кірістілігі өте жақсы. Облигациялар арқылы алған қарызды Үкімет бюджет дефицитін жабуға жұмсап, мемлекеттік құнды қағаздар нарығының дамуына көмектеседі. Ал қалған ішкі қарыздарды өз ноталарын аукционда сататын Ұлттық Банк пен облигацияларын нарыққа шығаратын жергілікті әкімдіктер алған.
Енді сыртқы қарыз бен мемлекеттік борыш не екенін терең түсінген кезде «біз шетелге басыбайлы қарызбыз» деген негізсіз әңгімеге сене бермейтін боласыз.
Сондай-ақ, сыртқы қарыз статистикасына қатысты ресми әрі үнемі жаңартылып отыратын ақпаратты Ұлттық Банктің сайтынан алуға болады.