Бір жылда (2024 жылғы маусым мен 2023 жылғы маусым аралығы) жаңа тұрғын үйлерді сату бағасы – 2,2%, қолданыстағы пәтерлерді қайта сату 1% қымбаттады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу өткен жылғы тиісті аймен салыстырғанда 2024 жылғы маусымда 5,2% қымбаттады.
Өңірлер бөлінісінде жылдық мәнде жаңа үй бағасы Ақтөбе – 9,5%, Талдықорған – 7,2%, Қызылорда – 7,1% қалаларында қымбаттады. Қолданыстағы үйлер нарығында баға өсімінің көшін Атырау (14,1%), Астана (6%) қалалары бастаса, тұрғын үйді жалға алу нарығында – Талдықорған (28,1%), Қарағанды (24,6%), Жезқазған (22,6%) мен Петропавл қалалары алда (22,5%).
Бір айдың ішінде (2024 жылғы маусым 2024 жылғы мамырға) қолданыстағы пәтерлерді сату – 0,6%, жаңа тұрғын үйді сату 0,4% қымбаттады. Абаттандырылған тұрғын үйді жалға алу маусымда өткен мамырмен салыстырғанда 0,3% қымбаттады.
2024 жылғы маусым айында тұрғын үй саудасы бойынша 32 943 мәміле тіркелген, оның ішінде жеке үйлер бойынша 8 058 және көппәтерлі үйлердегі пәтерлер бойынша 24 885 мәміле жасалды. 2024 жылдың мамырымен салыстырғанда (31 071) тұрғын үй саудасы мәмілелерінің саны 6% өсті. Мәмілелер саны бойынша, бұрынғысынша, Алматы (5 937 – 18%) және Астана (4 812 – 14,6%) қалалары, сонымен қатар, Қарағанды облысы (2 716 – 8,2%) көш бастап тұр. Мәмілелер саны Ұлытау облысында ең аз – 342 бірлік (1%).
2024 жылдың мамырымен салыстырғанда маусымда ең көп өсім Батыс Қазақстан (+77,3%), Солтүстік Қазақстан (+38,1%) және Атырау (+22,8%) облыстарында тіркелді. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу, көшбасшылыққа қарамастан, Алматы қаласында (-7,6%), Жетісу облысында (-6,9%) және Шымкент қаласында (-4,6%) орын алды.
2024 жылдың мамырымен салыстырғанда, көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй мәмілелерінің саны 6,3% (1 482 мәмілеге) көбейді. 2024 жылдың маусым айында пәтерлер бойынша барлығы 24 885 мәміле жасалды, бұл мәмілелердің жалпы санының 75,5%-ы. Көппәтерлі үйлердегі тұрғын үй саудасының негізгі үлесі Алматы (22,3%), Астана (18,9%) қалаларына және Қарағанды облысына (9%) тиесілі. Бөлмелер саны бойынша 1-бөлмелі пәтерлер сатылымы басым болды, 2024 жылдың маусым айында олар бойынша 9 643 мәміле ресімделген.
2024 жылдың мамыр айымен салыстырғанда, 2024 жылдың маусымында жер үйлер бойынша мәмілелер саны 5,1% немесе 390 мәмілеге артты. Маусымда барлығы 8 058 мәміле тіркелген. Ең жоғарғы өсім Атырау (+64,1%), Батыс Қазақстан (+52,6%) және Ақтөбе (+45,8%) облыстарында байқалды. Ал бір айдағы ең үлкен төмендеу Ұлытау (-22,7%) облысында, Алматы (-21,7%) қаласында және Ақмола (-11,7%) облысында орын алды.
2024 жылдың маусымында тұрғын үй саудасы мәмілелері алдыңғы жылдың тиісті айымен салыстырғанда 10,3% көбейген, ол кезде 29 880 мәміле ресімделген болатын. Мәмілелер санының ең жоғарғы өсімі Батыс Қазақстан облысында (71,6%) байқалды, ең үлкен төмендеу – Қызылорда облысында (19,5%). 2024 жылдың қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санының 2023 жылдың қаңтар-маусым айларындағы мәмілелер санымен салыстырғанда динамика 15,2% жоғарылады.